Ол өзіме қатты ұқсайтын. Нұрсұлтан Назарбаев Айсұлтан туралы айтты

«Хабар» телеарнасының эфирінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы деректі фильмнің жалғасы жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Штрихи к портрету» фильмінің үшінші бөлімі Елбасының жеке өміріне және бұған дейін белгісіз болып келген жайттарға арналған. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің немересі Айсұлтан Назарбаев туралы айтып берді.

Үш қызынан туған немерелерінің барлығын бірдей жақсы көретінін тілге тиек еткен Елбасы Айсұлтанның қазасы қабырғасын қайыстырғанын айтады.

«Өкінішке қарай, немереміздің бірінен айырылып қалдық, ол өзіме қатты ұқсайтын. Жарық дүниемен ерте қош айтысқан немеремнің қазасы қатты батты. Ешқайда жібермеуге де болушы еді, бірақ оны ұстап тұру мүмкін болмады. Ол бұл істің құлына айналып кеткендіктен, тоқтай алмады. Мәскеуде де, Лондонда да емдеттік. Жағдайы жақсаратын да, қайта бет бұратын», - деді Елбасы.

Еске сала кетейік, Айсұлтан 16 тамызда көз жұмды. Оның жүрегі тоқтап қалған. 2020 жылдың 26 тамызында 30 жасқа толушы еді.