Бір күні тереземіз ұшып кете ме деп қорқамыз – Өскемендегі жаңадан салынған үй тұрғындары

Өскеменде ипотекалық бағдарлама бойынша салынған жаңа көп қабатты үй сапасыз болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сақылдаған сары аяз бен қатты желге шыдамай қабырғасы мен шатыры жарылып, тіпті кейбір пәтерлердің ішінде сызат пайда болған. Қауіпсіздікке алаңдаған жоғарғы қабаттағы кей отбасылар қыстың көзі қырауда басқа жақтан пәтер жалдап көшіп жатыр. Тұрғындардың баспанаға қатысты базынасын арна тілшісі Олжас Керейхан тыңдап қайтты.

Олжас Керейхан, тілші:

- Терезенің ұшпасына ешкім кепілдік бермейді. Өйткені өткен жылы пайдалануға берілген үйдің қазір алқам-салқамы шығып тұр. Ішінде жылылық, сыртында сұлулық жоқ. Жел соққан сайын сыртқы қасбетін қаптаған құрылыс материалдары ұшып жатыр.

Динара Байдақова, қала тұрғыны:

- Бір күні тұрғанда тереземіз ұшып кете ме деп қорқып жүрміз. Өйткені жарғышақ беріп тұр. Үш балам бар. Таңертең жылап оянды. Мысалы кішкентай қыз. Бұл әлі дүңк-күңтерді естіп көрген жоқ қой. Бүгін қатты болды. Қабырғаның бәрі суықтан ауырып жатыр. Қайта-қайта жөтеледі.

Көп қабатты үйде жүз алпыс екі пәтер бар. Алайда отызға жуығы әлі де бос. Өйткені бұған дейін қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көшіп келген күннен бастап жамап-жасқаумен келеді. Оған қарамастан, ай сайын мыңдаған теңге ипотека тағы төлеп отыр.

Берік Төлепбек, қала тұрғыны:

- Он жарым миллионға осы үйді алдық. 15 жылға айына 70 мың банкке төлейміз. 20%-ін салып алдық. Бүгінде біздің тартып жатқан зардабамыз төбеден су ағады. Пәтер суық.

Суық пәтерге шыдамаған кейбір отбасылар басқа жақтан баспана жалдап көшіп кетуге мәжбүр. Соңғы кезде тұрғындарды үйдің қауіпсіздігі де алаңдата бастапты.

Бақытбек Әміренов, қала тұрғыны:

- Міне, көршіміз 7 қабаттан суық болған соң баласы аурып, ауруханаға түсті. Пәтер жалдап көшіп бара жатыр.

Тұрғындар баспанаға қатысты базыналарын айтып, қақпаған есік қалмаған. Алайда әзірше ешбір нәтиже жоқ. Үйді салған мердігер компания қазір банкрот болған. Ал үйдің құрылысына тапсырыс берген Қазақстанның Ипотекалық компаниясы баспанаға қатысты мәселенің бар екенін біледі.

Ренат Нысанов, ипотекалық компания өкілі:

- Үйде барып өз көзімізбен барып көрдік. Қазір қыземттік хат дайындап жатырмыз. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, жөндейтін мердігер дайын. Жұмысқа кіріседі. Әрбір пәтерге сарапатама жасалады.

Соңғы бір аптада шығыста сары аяздың беті қайтпай тұр. Күйі кеткен үйге шыдамай көшіп кеткен отбасылар жөнделген соң оралмақ. Бірақ қашан толық жөнделеріне ешкім кепілдік бермей отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин