ШҚО-да табиғат қорғаушылары аң-құстарды қамқорлыққа алу туралы бастама көтерді

Шығыста сақылдаған сары аяздың салдарынан аң-құстардың қоректенуі қиындап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан аймақтағы табиғат қорғаушылар мен орнитологтар, құстарды қамқорлыққа алу туралы бастама көтерді. Облыста жыл сайын құстың 50 түрі қыстайды. Аймақта соңғы 10 тәулікте аяздың күші -45 градусқа дейін жеткендіктен, өзен-көлдердің көбі қатып қалды. Кейбір құстар бұта тектес ағаштың бүрі мен талдың қабығымен қоректенеді. Ал бұл ағаштар қар астында қалғандықтан, жем іздеген құстар елді мекен мен қала маңына келе бастады. Өлкентаушы Борис Щербаковтың айтуынша, бірнеше жыл ішінде шығыста құстардың 19 түрі жойылып, жаңадан 8 түрі пайда болған. Тіпті Өскемен қаласына үлкен щұбар тоқылдақ құсы келген. Мойыны жіңішке, құйырығы мен тұмсығы ұзын құс ағаштың тінімен қоректенеді.

Борис Щербаков, өлкетанушы-орнитолог:

- Соңғы бірнеше тәулікте аяздың күші солтүстік аудандарда түнде -50 градусқа жетті. Сондықтан құстар қорек тапқанды қойып әрең қанат жазып ұшып жүр. Ал бізде қыстың екінші жартысы әлі өткен жоқ. Сол үшін осы жақта қыстайтын құстың көбі ауыл мен елді мекендерді төңіректейді.