Алматыда атмосфералық ауада озон мөлшерін бақылау жүргізіле бастады

Алматыда тұңғыш рет 1 қаңтардан бастап атмосфералық ауада озон мөлшерін бақылау жүргізіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазгидромет» мекемесі Финляндия метеорология институтымен бірлесіп іске кірісті. Егер атмосферада озон мөлшері көбейіп немесе азайса, ол қоршаған ортаға, адамның ағзасына айтарлықтай әсер етеді. Ал қазіргі ахуал қалай? Бір жетіде жиналған зерттеу нәтижелері не дейді?

Алмас Садуақас, тілші:

- Озон – оттегі түрі, яғни табиғи газ. Ол оттегінің күн радиациясының қысқа толқынды ультракүлгін бөлшектерін сіңіруінен пайда болады. Атмосферадағы озонның ең көп мөлшері 20-25 шақырым биіктікте болады.

Алматыда ауаның химиялық құрамын анықтайтын осындай он шақты станция бар.

Алмас Сәдуақас, тілші:

- Атмосферадағы озонның көлемін көрсететін мына газ талдағыш жақында ғана орнатылды. Бұл құрылғыда озон көрсеткіштері жинақталады. Барлық ақпарат 20 минут сайын жаңарып отырады. Және ол «Қазгидромет» мекемесінің экопорталына жіберіледі.

Экопорталға келіп түсетін барлық мәлімет талданып, сарапталады. Бір жеті бойы озонды зерттеу нәтижесінде оның мөлшері қалыпты, яғни, бір текше метрге шаққандағы 0,1 миллиграмға да жетпеген. Десе де, көктемде атмосферада озон көлемі артады. «Бұл табиғи құбылыс», - дейді мамандар.

Жанар Махметова, «Қазгидромет» РМҚК Алматы филиалының бөлім басшысы:

- Осы сегіз күндік бақылау нәтижесі бойынша озонның шекті мөлшерден шығуы байқалмады. Тек тәуліктің таңғы, түскі уақыттарында озон мөлшері ұлғайып, төмен түскені бақыланды.

Озон қабатының жер бетіндегі тіршілік үшін маңызы зор. Әсіресе, ультракүлгін сәулелерін жер бетіне жеткізбей, сәулеленудің алдын алады. Ал, сәулелену биосфера үшін өте қауіпті. Өсімдіктер әлемі құрып, онкологиялық және көз аурулары көбейеді.

Жер бетіндегі техногендік ластану да озон қабатын жұқартады. Тоңазытқыштар мен салқындатқыштарда болатын фреон да озон мөлшерінің азаюына әкеледі. «Алматыда озон көрсеткіші қалыпты болғанымен, ауада азотдиоксиді, күкірт қышқылы мөлшерден 5 есе көп», - дейді мамандар.

Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Сондай-ақ...