Жануарларды қорлайтындар азаймай тұр...

Атырауда жануарларды қорлайтындар азаймай тұр.

Күні кеше қаланың орталық көшелерінің бірінде көлігімен итті сүйреген азаматтың іс-әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейнежазбадан оның үй жануарына қасақана қастық қылғанын анық көруге болады.

Асланбек Шығыров, тілші:

- Мына бейнежазба желіде желдей есіп, қызу талқыға түсті. Үй жануарына жауыздық жасаған азаматтың өрескел іс-әрекеті атыраулықтардың ашуын тудырды. Алайда, итке қастық қылған қала тұрғыны көп ұзамай қолға түскен. Оның 1964 жылы туған азамат екені анықталды.

Руслан Садыров, қалалық полиция басқармасының бастығы:

- Аталған факті бойынша жүргізуші, Атырау қаласының тұрғыны анықталып ұсталды. ҚР ҚК-нің 316-бабы бойынша, яғни, жануарларға қатыгездік жасау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Мұндай қиянаттың көзге түспей жасалып жатқаны қаншама?! Мұнайлы шаһардағы иттерді емдеу-бейімдеу орталығында қазір 120-дан астам ит бар. Олардың көбі адамнан жауыздық көргендер. Мамандардың сөзінше, елімізде жаза қатаңдатылмай, мұндай іс-әрекеттер толастамайды.

Мұқаш Жабаев, кинолог:

- Бізде қазір 120-ның үстінде ит бар. Соның ішінде 30-40-ы дене жарақатын алған. Машина қаққаннан, біреулер соғып кеткен, тіпті мойынын сойып тастаған иттер болды. Әрең-әрең оларды емдеп, тәуір етіп шығарып алдық. Туып жатқан иттерді соғып кеткендер болды. Теуіп-теуіп, туып жатқан иттерді лақтырып тастайды. Күшік өліп жатыр ғой ішінде. Соны біз ашып, операция істеп, тірі алып қалуға тырысамыз. Мұндай жағдайлар Қазақстан бойынша қайталанып жатыр.

Асланбек Шығыров, тілші:

- Бұл – жануарларға жасалған қиянаттың басы емес. Бұған дейін иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысқан атыраулықтың іс-әрекеті әшкере болған еді. Айта кетейік, сол Лаки есімді итті жаңа қожайындары Калифорнияға алып кеткен болатын.

Авторлары: Асланбек Шығыров, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин