Талдықорғандағы балалар ауруханасы компьютерлік томографиямен толықты

Талдықорғандағы көп салалы облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері науқастарды басқа емдеу мекемесіне апарып компьютерлік томографияға түсіретін. Қалыптасқан жағдайды былтыр біздің арна тілшілері көтеріп, арнайы сюжет дайындаған еді.

Кейін жергілікті әкімдік мәселені назарға алып, жоспарға енгізді. Тиісті қаржы бөлініп, биыл қажет құрылғы сатып алынды. Қазір арнайы техника сынақ мерзімінен өтіп жатыр. Бірер апта ішінде толық іске қосылады. Енді дәрігерлер созылмалы ауруға шалдыққан және жарақат алған жеткіншектерді ешқайда сабылмай тексере алады. Талдықорған қаласы бойынша жылына шамамен мыңнан астам баланың диагнозын анықтау жоспарланып отыр. Аудандар мен қалалардан келген жасөспірімдер де жоғары дәлдікті техниканың сараптамасы бойынша емделеді.  

Елена Тихонова, реаниматолог:

- Бізге соңғы үлгідегі компьютерлік томография әкеліп орнатылды. Бұл құрылғының ерекшелігі ол рентген сәулесін аз бөледі әрі жылдам түсіреді. Науқасты бір рет тексергенде 128 түсірілім жасайды. Арнайы техника бізге баланың диагнозын жылдам анықтауға мүмкіндік береді.