Түркістандағы Халықты жұмыспен қамту орталығы видеокамерамен бақыланады

Түркістан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығына бейнебақылау камералары орнатылды.

Камера тек түсіріп ғана қоймайды, қызметкер мен келуші арасындағы әңгімені толық жазып алады. Енді қызметкерлері келушілерге жөнсіз дөрекілік көрсете алмайды. Тіпті түскі үзіліске де мерзімінен бұрын шықпайды. Камералар әр қызметкердің жұмыс үстеліне орнатылды. Егер тұрғындардың қызметкерлерге қатысты шағымы болса, бейнежазбаны қайта қарап, ақ-қарасын айыруға болады. Видеолар 1 ай сақталады. Бұл елдегі алғашқы жоба. Оған қалалық бюджеттен 13 млн теңге жұмсалған. 

Жәнібек Наушабай, қала әкімі аппаратының басшысы:

- Егер камераның алдын 3 минуттан артық жапқан жағдайда, онда орталық директорына және біздің операторларға хабарлама түседі. Мынандай жердегі опаратордың камерасы жабық деп. Бірден біз оған шара қолданатын боламыз. Желтоқсан айында қосылды. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға, қызметкерлер тарапынан әдеп нормаларының сақталуына, қызметтің сапасын арттыруға көмегі тиеді деп ойлаймын.