421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Індеттің алғашқы толқыны кезінде волонтерлер медициналық штативті қолдан құрастырды

  • 132
  • UPD: 15:41, 09.01.2021

Елімізде өткен жылы 100 мыңға жуық қазақстандық волонтерлікпен айналысқан. Олар провизорлық орталықтарда дәрігерлерге көмектесті. Блок-бекеттерде полиция қызметкерлерімен кезекшілікке шықты. Карантинге жабылған үйлерді азық–түлікпен қамтамасыз етті. Бастамашыл жастар көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, қамқорлыққа алды. Игі істері арқылы кез-келген қиындықты бірлікпен жеңуге болатынын  дәлелдеді. 

Волонтерлердің көпке үлгі боларлық ізгілікке толы істерін тізіп шығу үшін  уақыт керек. Әсіресе пандемия кезінде күрделі жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал тапшылығы айқын сезіле бастаған сәтте Павлодардың волонтерлері провизорлық стационарларға қолдан штативтер құрастырды. Бұл адамдардың жаппай ауруға шалдығып жатқан шілде-тамыз айлары еді.

Ерлан Құрманбаев, волонтер:

- Бұл суға арналған кәдімгі полипропилен құбырлар. Құтыны ұстап тұру үшін біз кәріз құбырларына арналған қамыттарды кигіземіз. Кеше қаладағы барлық ауруханаларға таратып шықтық. Медбикелердің қуанышында шек жоқ. Себебі тіреулер жеңіл және жұмыс істеуге қолайлы болып шықты. Осынау қиын сәтте дәрігерлер мен полиция қызметкерлері адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеді. Тізе бүгуге мұршасы келмеген жандарға еріктілер  көмектесті. Олар қосымша ыстық тамақ ұйымдастырып, кезекшілікті бірге атқарды. Араларында қауіпті ауру жұқтырып алғандар да болды. 

Асхат Құсдәулетов, мейірімділер клубының  жетекшісі:

- Мен жеке өз басым ауру жұқтырып, 14 күн карантинде болдым. Дәрігерлер қойған талаптарды орындап, алгоритмге сай емделдім. Жазылып шыққаннан кейін провизорлық орталықтарға көмектесуді ары қарай жалғастырдық. Ауру айтып келмейді. Жаз айларында өте көп науқас тіркелді. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Соған қарамастан қайырымды істер жалғасып жатты. Жалғыз басты аналар, қамқорлықсыз қалған қариялар, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қаржы жинап, киім-кешек, азық-түлік алып беру ісі бір сәтке де тоқтаған емес. Гүлмира Нұғманова жолдасы жол апатынан қайтыс болғанда бес баламен далада қалыпты. Айтуынша, пәтер жалдауға қаражат жоқ, қол ұшын бере қоятын ағайын-туыс өз күнін әрең көріп отыр. Қиын жағдайға тап болған әйелдің отбасын  волонтерлер қамқорлыққа алған. Көп кешікпей жомарт жандар үш бөлмелі пәтерді сыйға тартыпты.

Гүлмира Нұғманова, көп балалы ана:

- Олар қаржы жинап бес айға пәтер жалдап берді. Одан кейін «бес баламмен қайда барамын» деген сауал мені күн сайын мазалайтын. Осылайша уайыммен күн кешіп жүргенде анама бір ер адам хабарласып, маған пәтер сатып алатыны жайында айтыпты. 

Волонтерлік ұйымдардың қатары күн сайын толығып отыр. Жиырма жылдық тарихы бар әлеуметтік-волонтерлік орталықта еріктілердің саны екі есеге өсті. Студенттер мен мектеп оқушылары қайырымдылық шараларына білек сыбана кіріскен. Волонтер жылы жарияланған кезде жоспарға алынған жобаларды жүзеге асыруға да уақыт табылды.

Томирис Исханова, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

- Төтенше жағдайға қарамастан негізгі жобалар бойынша жұмыстарымыз жалғасын тапты. 41 Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерін азық-түлікпен қамтамасыз еттік. 25 қарияның үйін тазалап бердік. Сол сияқты жобаға енген балалар үйлері шет қалмады. Біз үш балалар үйіне көмек көрсеттік. 

Волонтер жылын Ақсу қаласының жастары да ұйымшылдықпен еңсерді. Жұқпалы індетке қарсы күрескен дәрігерлердің ерлікке толы өмірі фотосуреттер арқылы жұртшылық назарына ұсынылды. Ғажайып экспозиция қазір барлық емдеу мекемесін аралап жүр. Ақсудағы қалалық саябаққа белгі орнатылып, келешек волонтер жастарға өсиет жазылған капсула қойылды. Оны 2050 жылы ашу көзделген.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы