Өскеменде тәртіп сақшылары аялдамадағы тұрғындарды үйлеріне жеткізіп жүр

Аязда автобус күткендерге көмек. Өскеменде қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мамандары қақаған қыста жолаушыларды қолдау үшін «Қайырымды 100 іс» акциясын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар аялдамада қоғамдық көлікті сарыла күткен тұрғындарды діттеген жеріне жеткізіп тастап жүр.

Қаңтардың қақаған аязында аялдамада автобус күткен жұрт көп.

Өйткені сықырлаған суықта Өскемендегі қоғамдық көліктің біршамасы сыр беріп, істен шыққан. Облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті осындай кезде тұрғындарға көмектесу үшін арнайы мобильді топ жасақтапты.

Мобильді топ әсіресе кісі қарасы көп аялдамаларға тоқтайды. Алдымен қарияларға және кішкентай баласымен тоңып тұрғандарға қол ұшын созады. Көпшілігі бастапқыда тосырқап қалғанмен, соңынан көмек берушілердің кәсіби қызметкерлер екенін көріп, жылы көлікпен үйлеріне жетіп алуға асығады.

Татьяна Окунькова, қала тұрғыны:

– Тіпті тура үйіме дейін жеткізіп тастайды деп ойлаған жоқпын. Алайда көлікке отырғызып, мекенжайымды сұрап, апарып тастаймыз деді. Алғысым шексіз. Бұл қазіргі уақытта үлкен көмек деп санаймын.

Тамара Антонова, зейнеткер:

– Мен 43-автобусты күтем деп қатты тоңып қалдым. Сондықтан мына жігіттерге үлкен рақмет, ана жолы менің бір танысымды да осылай үйіне апарып тастапты. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қызметкерлердің айтуынша, соңғы төрт күнде осындай 70-тен аса жолаушыға көмек көрсетілген.

Архат Минатаев, қалалық пробация қызметі бөлімінің инспекторы:

– Барлығы рақметін айтып жатыр, ауруханаға асығып бара жатқандары бар.

Соңғы бірнеше күн бойы өңірде сынап бағанасы 30-35 кей жердерде 40 градусқа дейін төмендеп тұр. Сібірден келген антициклонның әсерінен алдыңғы күндері аяздың беті қайтады дейді синоптиктер. 

Любовь Бухтоярова, ШҚО «Қазгидромет» РМК бөлім бастығы:

– Қаңтардың 10-11 күндері күн райында біршама өзгерістер болады. Сынап бағанасы жоғарлайды.Түнде 21,27, ал күндіз 5,10 градус суықты көрсетуі мүмкін. Дегенмен күн құбылмалы болып, қар жауып боран соғуы да ықтимал.

Бірақ мұндай жайлы күн райы көпке созылмайды. Қаңтардың ортасына қарай сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеп, сақылдаған саря аяз қайта қыспаққа алады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов