Елордалық балалар өрт сөндіруші мамандығының қыр-сырына қанықты

Өрт сөндіруші болу оңай емес. Қызығынан гөрі, қиындығы басым салада жан-жақты білім мен шымыр бітім, темірдей жүйке керек.

Сондықтан қауіпті мамандық саналады. Бүгін елордадағы өрт сөндіру бөлімдері балалар үшін ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі бастамаға Төтенше жағдайлар министрлігі мұрындық болды.

Өрт сөндіруші болуға екінің бірі бет бұра бермейді. Десе де, жауапты қызметтің бар ауыртпашылығына төзіп, оны абыроймен атқарып жүргендер бар. Елордадағы №6 өрт сөндіру бөлімі соған дәлел. Ұжыммен бүгін төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин кездесті. Көп кешікпей көрменің басты қонағы – балалар жетті. Алып техника мен арнайы киім киген адамдарға таңырқай қараған олар өздері де өрт сөндіруші кейпіне енуге асықты.

Анастасия Тарасова, SOS балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Бүгін біз өрт сөндіру бөліміне келдік. Көліктер ұнады. Өрт сөндірушінің жұмысын көрдік. Қиын екен.

Қызығынан гөрі, қиындығы басым бұл салада әр қызметкер өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындауы талап етіледі. Әр секунд алтыннан да қымбат сәтте абдырап қалуға болмайды. Жеткіншектерге шақырту кезінде ширақ қимылдап, үйлесімді жұмыс істеудің тәртібі түсіндірілді. Түсіндіріліп қана қоймай, спорттық қойылым түрінде көрсетілді. Себебі өрт сөндіруші болу үшін білім ғана емес, болаттай берік денсаулық та керек.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

– Болашақта «SOS Астана балалар ауылының» тәрбиеленушілерін қамқорлығымызға алғымыз келеді. Біз өз тарапымыздан оларға төтенше жағдай кезінде өзін ұстау мен дұрыс әрекет етуді үйретсек дейміз. Балалардың да өрт сөндіруші қызметіне деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Тосылып қалмай, сауалдарын қойып, мамандармен қызу әңгімелесіп жатыр. Бұл әрине қуантады.

Өз кезегінде жеткіншектер бос уақытында кешенге келіп, жүзу, жүгіру сынды спорт түрлерімен тегін айналыса алады. Ал ұйымдастырушылар бұдан кейін де балалар ауылының тәрбиеленушілерімен байланыс үзілмейтінін айтады. Өйткені олардың арасынан да болашақ өрт сөндірушінің шығып қалуы ғажап емес.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров

Сондай-ақ...