Жалпы саны 283 бөлімше қызметтеріне кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін елде Мәжіліс қана емес, жергілікті мәслихат депутаттары да сайланады. Бұл жолы саяси додада 5 бірдей партия бақ сынайды. Олар Парламентке өту үшін халықтың 7%-тен аса қолдауына ие болуы қажет. Елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде арна тілшісі Рауан Мыңбаев та жүр. Ол дәл қазір бізбен тікелей байланысқа шығуға дайын.
Диктор:
- Рауан, қайырлы таң, бүгінгі сайлау пандемия жағдайында өтеді. Дауыс беруші азаматтардың қауіпсіздігі қаншалықты ескенілген?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қайырлы таң! Ел тарихында ең елеулі оқиға – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды. Елордада 283 учаске ашылды. Оның 248-і ашық және 35-і жабық. Бұл санатқа медициналық орталық, аурухана, әскери бөлім және тағы басқа нысандар кіреді. Біз қазір Қажымұқан көшесіндегі Еуразия ұлттық университетіндеміз. Мұнда №13 сайлау бөлімшесі орналасқан. Мұнда коронавирусқа қарсы санитарлық талап толық ескерілген. Елдің Бас санитарлық дәрігері бекіткен қаулыға сай кіреберісте келушілердің дене қызуын тексеретін құрал тұр. Арақашықтықты айқындап, бағыт-бағдар беретін белгілер де қойылған. Дауыс берушілер учаскеге келерде бірқатар талапты орындауы керек. Ең алдымен маска тағып жүру міндет. Сайлау бөлімшесіндегі арақашықтық 1,5-2 метр болуы қажет. Жеке куәлікпен келіп, тізімнен аты-жөніңізді тапқаннан кейін қолға бюллетень беріледі. Сөйтіп, жасырын дауыс беріп, жәшікке сол бюллетеньді тастайсыз. Бұрынғы дауыс беру процесінен аса көп айырмашылығы жоқ. Тек сол санитарлық талап қана басты ерекшелік. Жалпы бұл сайлаудың пандемия жағдайында өтіп жатқанын атап өту керек. Айтпақшы, бұл жолы учаскеге баламен келмеген жөн. Қаулы бойынша сайлаушыларға қауіпсіздігін қорғау үшін осындай кеңес берілген. Бұған қоса, дене қызуы 37 градустан жоғары азаматтар болса, олар арнайы оқшауланған бөлмеге жіберіледі. Оқыс жағдайларға медицина қызметкерлері де әзір тұр. Сайлау комиссиясының мүшелері, байқаушылар, сенімді тұлғалар өз қызметтеріне кірісуде. Еске салатын жағдай, саяси науқанға 5 партия қатысып жатыр. «Адал», «Ақжол», «Nur Otan», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы». Сонымен қатар бүгін жергілікті мәслихаттарға кімдердің баратыны шешіледі. Саяси науқанға 10 халықаралық ұйым және 31 мемлекеттен 400-ге жуық байқаушы тіркелді. Сонымен қатар қазақстандық 20 мыңға жуық байқаушы бар.
Бүгін қаладағы барлық сайлау бөлімшесінде карантиндік шараларға шаһар әкімдігі де жауапты. Учаске қызметкерлерін толық медициналық қорғаныс құралдарымен қамтыған және басқа да жабдықтарды жеткізуге атсалысты. Дауыс беру құпия жүргізілетіндіктен, бюллетеньдерді түсіру, көрсету немесе жария ету заң бұзғандық болып есептеледі. Дауыс беру залында әр үш сағат сайын тазалық жүргізіледі. Сондай-ақ сайлау учаскелерінің барлық мүшесі, сенімді тұлғалар, байқаушылар ПТР-тест тапсырып, тиісті анықтамаларын алған. Қала бойынша мұндай тексеруден 5386 адам өтті және солардың арасынан 9 адам коронавирус жұқтырды деген себеппен учаскеге жіберілген жоқ.
Еске салайық, бас қала коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймақ санатына кіреді. Сондықтан тұрғындар учаскеге келерде бетперде тағып, арақашықтық сақтап жүрулері тиіс. Айта кетейін, бүгін елорданың қоғамдық көліктері жолаушыларды тегін тасымалдайды. Бұл туралы қала әкімдігіне қарасты жолаушылар тасымалдауға жауапты мекеме хабарлады. Автобустар әдеттегідей таңғы сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін жүреді.