Павлодардағы сайлау учаскелерінде санитарлық нормалар қалай сақталып жатыр?

Павлодар облысында сайлау комиссиясының 40 мүшесі саяси науқаннан шеттетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ПТР-сараптамалары оң нәтиже көрсеткен. Сондықтан сайлау үрдісіне қатыстырылмайды. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға дауыс беру күні қатаң санитарлық талаптар енгізіліп отыр. Сайлау комиссиясының мүшелерімен қатар дауыс берушілердің де қауіпсіздігі басты назарда. Арна тілшісі Қарлығаш Қасиетова Павлодардағы сайлау учаскелерінің бірінен тікелей байланысқа шыққалы тұр. 

Диктор:

- Қарлығаш, санитарлық нормалар қалай сақталып жатыр?

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Облыс бойынша таңғы сағат 07:00-де барлық сайлау учаскелері жұмысын бастап кетті. Ал санитарлық нормаларға келетін болсақ, есіктен кірген әрбір адамның дене қызуы тексеріледі. Қолын антисептикпен өңдеуге жағдай жасалған. Қандай да бір санитарлық ережелер бұзылды деп айтуға әлі ерте. Дауыс берушілердің  денсаулығына қауіп төнбеуін  қамтамасыз етуді санитарлық дәрігерлер өз мойнына алған. Санитарлық дәрігерлер не дейді? Бірге тыңдайық.

Ғизат Әбішев, облыстық санитарлық  эпидемиологиялық бақылау  департаментінің бөлім басшысы:

- Барлық сайлау учаскелері медициналық маскалармен, перчаткалармен қамтамасыз етілген. Онда медициналық қызметкерлер және волонтерлер жұмыс істейді. Олар сайлау учаскесіне келген азаматтардың температурасын өлшейді немесе маска болмаған жағдайда маска беріледі. Сайлау учаскелерінде дезинфекция 3-4 сағат сайын жүргізілуі қажет және де учаске қызметкерлері әр үш сағат сайын медициналық бетперделерін ауыстыру керек және де келген азаматтарға арақашықты сақтауды айтуды ұмытпау керек.

Сайлау учаскелеріне келген әрбір адамға маска тағу мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндеттеледі. Бұл жұмыстарды жүргізу волонтерлерге жүктелген. Ал үй жағдайында дауыс берушілерге баратын комиссия мүшелері қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілген. Мамандар қауіпсіздік ең алдымен адамдардың өздеріне қажет екенін ескертеді. Саяси науқан күні облыс бойынша 532 сайлау учаскесі жұмыс істейді.  Павлодарда – 138, Екібастұзда – 65,  Ақсуда – 40 және аудандарда 289 сайлау учаскесі құрылған. Бұған қоса, әскери бөлімшелер, тергеу изоляторы, аурухана сынды адамдар уақытша тұрып жатқан орындарда  20 сайлау учаскелері ашылған. Дауыс беру үрдісін 3520 сайлау комиссиясының мүшелері қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, сол сайлау комиссиясы мүшелерінің арасынан 40 адам сайлаудан шеттетілген. Олардың ПТР-сараптамалары оң нәтиже көрсеткен. Осыған орай төрт сайлау учаскесінде комиссия құрамы толық ауыстырылды. Қалған 7 учаскеде індет белгілері анықталған адамдар комиссия құрамынан шығарылды.