Елорда бойынша Байқоңыр ауданында да дауыс беру процесі қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тұрғындар Экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне барып, өз таңдауын жасауда. Аталған сайлау учаскесіндегі ахуалды бізбен тікелей байланысқа шығатын арна тілшісі Рауан Мыңбаев айтып береді.
Диктор:
- Рауан, сайлаушылардың белсенділігі қалай?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау бас қала бойынша 283 учаскесінде жүріп жатыр. Оның 240-ы ашық, қалғандары жабық типтегі нысандарда орналасқан. Байқоңыр ауданының тұрғындары мына біз тұрған Экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне келіп өз таңдауын жасауға құқылы. Саяси аламанға 5 партия қатысып жатқанын айттық. Дәстүрлі форматта ұйымдастырылған кезекті науқанның бұған дейін елде болғандарынан айтарлықтай айырмашылығы бар. Ең алдымен Мәжіліске өтетін партиялардың тізімінде жастар мен әйелдердің міндетті 30%-тік квотасы белгіленді. Соған сай, олар Парламенттен орын алады. Сондай-ақ алғаш рет елде мәслихат сайлауы тепе-теңдік қағидасы бойынша өтіп жатыр. Мұны көптеген қазақстандық және шетелдік сарапшылар саяси жүйенің заманауи талаптарға сай дамығанымен байланыстырып отыр. Бұған тағы бір себеп – сайлау пандемия жағдайында Конституция нормаларына сай өткізілуде.
Сайлауға шетелден 400-дей байқаушы келді. Қазақстандық мыңдаған бейтарап көзқарас ұстанатын маман да бар. Барлығының мақсат-мүддесі бір – сайлаудың ашық әрі адал өтуі.
Еске салайық, сайлау қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісіне 98 депутат сайланады. Төменгі палатадағы қалған 9 орын Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан сайланады. Сөйтіп, Мәжіліс 107 депутатымен жаңа саяси маусымды бастайды.