Түркістан облысында халықтың 30%-і дауыс беріп үлгерген

Түркістан облысында сайлаушылардың белсенділігі байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таңнан бері тұрғындар жергілікті сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Өңірлік Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін халықтың 30%-і дауыс беріп үлгерген.

Айта кетейік, Түркістан облысы – халқы ең тығыз орналасқан өңір. 1 млн-нан астам сайлаушы бар.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Өңірлік Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ең белсенді аудандар анықталуда. Мәселен, қазірге дейін Сарыағаш және Сайрам аудандары алда келеді. Біз қазір Түркістан қаласындағы сайлаушылары ең көп Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғимаратында орналасқан 133 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда 2008 сайлаушы тіркелген. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, барлық сайлау учаскесінде карантиндік талаптар барынша қатаң сақталған.

Мұнда дәрігерлер сайлаушыларды кіреберістен күтіп алып, ішке ыстығын тексеріп, кезекпен кіргізуде. Санитарлық талаптардың сақталуы – ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін. Бетпердесін үйінде қалдырып кеткен кей тұрғындарға тегін маска таратылып жатыр. Әсіресе, өз болашағы үшін таңдау жасап, дауыс беріп жатқан азаматтардың белсенділігі қуантады. Алайда сайлау комиссиясының болжауынша, халықтың жартысынан көбі түске дейін дауыс беріп үлгеруі мүмкін. Сонымен қатар өмірінде алғаш рет саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасап жатқан жастар да бар. Шетелдік байқаушылар барлығын жіті бақылауда ұстап отыр.

Жамолитдин Фахрутдинов, байқаушылар тобының жеткшісі (Өзбекстан):

- Біз таңнан бері 5 сайлау учаскесін араладық. Барлығы талапқа сай ұйымдастырылған. Санитарлық талаптар көңілден шықты. Заңбұзушылықтар байқамадық. Халықтың өз болашағы үшін таңдауға деген белсенділігі аңғарылып тұрды. Ертеңгі күннен жақсы үміт күтетінін көрдім.

Түркістан облысында барлығы 911 сайлау учаскесі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Миллионнан астам тұрғын дауыс беріп, өз таңдауын жасайды деп күтілуде. Сайлаушылардың ең көбі Сайрам ауданында тіркелген. Мұнда 130 мыңнан астам тұрғын дауыс беруге ниет танытқан. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында 110 мыңға жуық сайлаушы дауыс бермек. Айта кетейік, өңірде 12 шетелдік байқаушы сайлаудың әділ өтуін бақылап отыр.