Атырау облысында 265 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр

Атырау облысында қазір 265 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өздеріңізге белгілі, биылғы сайлаудың жөні бөлек. Қазір мұнайлы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты ондағы кен орындарында вахталық режиммен жұмыс істейтін жұмысшылардың дауыс беру тәртібі де өзгерді. Өңірдегі тілшіміз Асланбек Шығыр қазір бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұр.

Диктор:

- Асланбек, Өңірде дауыс беру қалай жүріп жатыр?

Асланбек Шығыр, тілші:

- Иә, мұнайлы өңірде дауыс беру қарқынды жүріп жатыр. Өңірде барлығы 265 сайлау учаскесі болса, соның 117-сі облыс орталығында. Айта кетейік, өңірдегі 411038 дауыс берушінің 8036-сы бірінші рет дауыс беретіндер, яғни, 18-ге толған азаматтар. Бұл жолғы сайлаудың тәртібі өзгеше. Оның үстіне мұнайлы өңір қызыл аймақта. Сол себепті, мұнда қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң бақылауға алынған. Арақашықтық сақтап, маска тағу міндеттеледі. Оны бақылайтын арнайы мониторингтік топ та әр сайлау учаскесінде қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Азамат Айманакумов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Облыста сайлаушылардың дауыс беруін ұйымдастыру пандемиялық жағдайға байланысты қатаң карантин-санитарлық шараларды ескере отырып, жүзеге асады. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын сайлаушылардың өндіріс орындарында, яғни олардың тұрған жерінде дауыс беру процесін жүзеге асыру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Каспий теңізінде орналасқан Қашаған аралы бар. Бұл аралға біз тікұшақты, болмаса, арнайы су транспорттарын қолданатын боламыз.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Мұнайлы өңірдегі кен орындарында вахталық режиммен жұмыс істейтін жұмысшылардың дауыс беруінде бұл жолы біраз өзгешеліктер бар. Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс істейтін сайлаушылардың саны – 35 370. Олардың 17203-і облыстың тұрғыны. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын сайлаушылардың 30449-ы Теңіз кен орнында, 2600-і Қарабатан өндіріс орнында, 437-і Қашаған кен орнында, 1884-і «Ембімұнайгаз» АҚ өндіріс орындарында жұмыс істейді. Осы 4 мұнай кен орнындағы жұмысшылардың қазір дауыс беруі де бақылауға алынған. Мұнай кен орындарында кірген және сол жерден шыққан азаматтар міндетті түрде канантиндік шектеу шараларын қабылдап, 7 күн оқшауланатыны белгілі. Сол себепті, карантиндік стационарда жатқан жұмысшылар кен орындарына жақын жерлердегі сайлау учаскелеріне барып, дауыс бере алмайды. Бірақ сайлаушылардың тұрған жерінде дауыс беру ұйымдастырылады.

Яғни, карантиндік тәртіп қатаң қадағаланады. Ол аумақтың стратегиялық маңызы бар екені түсінікті. Сол себепті, ол жердегі дауыс беру барысын жаңалықтар қызметінің алдағы шығарылымында айтатын боламыз.