Қостанай облысында халықтың жартысына жуығы өз таңдауын жасады

Қостанай облысы бойынша 567 мыңнан астам адам дауыс беру құқына ие, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл осы уақытқа дейін соның жартысына жуығы өз таңдауын жасаған. Ал қалған ақпаратты біз тікелей байланысқа шығып тұрған тілшіміз Мағауия Қалиевтен сұрап білсек.

Диктор:

- Мағауия қайырлы күн.Тобыл өңірінде саяси маңызды шара қалай өтіп жатыр? Сайлаушылардың белсенділігі қандай?

Мағауия Қалиев, тілші:

- Электроттың белсенділігі туралы айтатын болсақ, қазір түскі ас уақыты. Соған байланысты өздеріңіз көріп отырғандай, сайлау учаскесінде адам көп емес. Әдеттегідей сол сағат 09:00-ден 12:00 аралығында келіп дауыс бергендердің қарасы қалың болды. Қазір мен тұрған Қостанайдағы №21 сайлау учаскесінде 2265 адам тіркелген.

Түске дейін соның 50%-ке жуығы өз дауыстарын берді. Отбасымен, туыс-туғандарымен топ болып келгендер аз болған жоқ. Сайлаушылардың көңіл-күйін көтеру мақсатында мұнда алғаш дауыс берушілерге, туған күн иелеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Әрине, санитарлық талаптарға да аса мән берілген. Кіреберісте антисептикпен қол жуу, арақашықтықты сақтау, дене қызуын тексеру міндетті іс-шаралар. Жалпы пандемияға, күннің суықтығына қарамастан, халықтың белсенділігі жоғары деуге негіз бар.

Осыған дейін дауыс бергендердің арасында елімізге белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлерін де көріп қалдық. Солардың бірі – Қазақстанның халық ақыны, Мәдениет және білім саласының үздігі Әсия Әйіпқызы Беркенова. Қоғамдық үрдістерге қашанда үн қосып отыратын айтыс ақыны бүгінгі сайлаудың маңызы жөнінде бізге былай деді.

Әсия Беркенова, халық ақыны:

- Партиялардан, кейбір бір партияларда қарап отырмын. Өзімнің бұрыннан жақсы білетін, мен ғана емес, ел білетін абыройларына дақ түсірмеген біраз тұлғалар бар. Сондықтан сөзбен сарай салмай, қолмен қора тұрғызатындай қауқары бар үміткерлерге қолдау көрсету керек деп ойлаймын.

Айта кетейік, Қостанай облысында түрлі денгейдегі мәслихат депутаттығына 641 кандидат сайлау додасына түсіп отыр. Шамамен бір орынға үш үміткерден келеді. Осыдан-ақ жергілікті өзін-өзі басқару ісіне жұртшылықтың белсенді түрде араласа бастағандығын байқайсың.