Ақтауда әлеуметтік желіде жұлдызға айналған көп балалы отбасы дауыс берді

Ақтауда 7 баласы бар жас отбасы да өз таңдауын жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үй иесі Әлібек егіз ұл босанған әйелін перзентханадан шоу жасап шығарып алған. Ғимарат сыртында жұбайына ән арнап, балаларымен бірге шырқаған видеосы әлеуметтік желіде көп қаралған еді. Қуанышын дүйім жұртқа паш еткен Әлібек бүгінгі сайлауға ересек 4 баласын ертіп келген. Олар №249 сайлау учаскесінде алғашқы дауыс бергендердің бірі болды. «Еліміз үшін маңызды шараға балаларымызды арнайы ерте келдік», - дейді көп балалы әке.

Әлібек Дүйсен, қала тұрғыны:

- Жанұямызбен ерте тұрып, маңызды күн екенін біліп, қазірден бастап бүгінгі сайлауға бала-шағаммен келіп отырмын. Себебі есте қалатын заттың көбісі балалық кезде. Сол үшін бүгін балаларым түсінсін деп, естерінде қалсын деп, ел тағдырында бүгін өзгерістер болады деп, сондай ниетпен келіп отырмыз. Барлық қазақ еліне осындай маңызды күні атсалысуға барлығын шақырамын. Әр адамның дауысы маңызды.