Ольга Рыпакова: Дауыс беру, сайлауға қатысу – әр азаматтың парызы

Шығыс Қазақстанда 1 миллионға жуық сайлаушы тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең қарт дауыс беруші 104 жаста. Денсаулық жағдайына орай учаскеге келе алмайтындар үшін 2078 жылжымалы жәшік әзірленді. Ал, тұрғындар таңғы жетіден бастап өз мекен жайлары бойынша сайлау учаскелеріне ағылып, белсенділік танытуда. Олардың ішінде өлкеге танымал спортшылар да бар. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова өз таңдауын №2 сайлау учкаскесінде жасады. Жеңіл атлет әдетте дауыс беру барысына отбасымен келіп қатысатын. Өйткені балалар кішкене кезінен бұндай науқанның  қалай өтетінінен хабардар болып өсу керек деп санайды. Алайда бұл жолы жұқпалы індеттен сақтанып, кісі санын көбейтпеу үшін өзі жалғыз келуді жөн көрген. Жалпы бүгін өлкедегі барлық сайлау учаскелерінде санитарлық талаптап қатаң қадағалануда.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:

- Бүгін мінекей, балаларымсыз өзім ғана келіп дауыс беріп тұрмын. Өйткені қазір барынша сақтықты күшейткен дұрыс. Мен өз елімнің патриотымын, дауыс беру, сайлауға қатысу әр азаматтың парызы деп есептеймін. Өйткені бұл болашақ үшін үлкен жауапкершілік.