Ақтөбе облысында 562 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген

Ақтөбе облысында бүгін 517 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Науқан барысы мен санитарлық талаптың сақталуы жіті бақылауға алынған. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша 562 мыңнан астам адам таңдау жасап, дауыс беруі тиіс. Сайлаудың қалай өтіп жатқаны туралы дәл қазір бізбен тікелей байланысқа шыққан өңірдегі тілшіміз Әнуарбек Мырзатайұлы айтуға дайын.

Диктор:

- Қайырлы күн, әріптес! Сайлау күніндегі ақтөбеліктердің белсенділігі қандай?

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қайырлы күн, студия! Дәл қазір біз №64 орта мектепте орналасқан 541-ші сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда 1998 дауыс беруші тіркелген. Барлығы да осы білім ұясы тұрған «Батыс-2» шағынауданының тұрғындары.

Тұрғындар өз таңдауын жасап жатыр.  Ал, 90-нан асқан жеті қария мен 4 мүмкіндігі шектеулі жанға өз үйлерінде дауыс беруге жағдай жасалды. Жалпылай алғанда, сайлау учаскелеріне келушілердің белсенділігі байқалды. Әртүрлі жастағы тұрғындар, соның ішінде, алғаш рет дауыс берген жастарға сый-сияпат көрсетілді. Мәселен, төрт ай бұрын ғана 18 жасқа толған егіздер Мадияр мен Данияр Әміржановтар бұл күнді өте маңызды деп есептейді. Олар бүгін өздері тіркелген учаскеге ерте келді.

Мадияр Әміржанов, қала тұрғыны:

- Біз кәмелеттік жасқа толғандағы сайлауға бірінші рет қатысқалы тұрмыз. Сондықтан бұл бізге өте маңызды. Біз өз таңдауымызды жасадық. Елімізде амандық, бейбітшілік болсын. Ол біздің болашағымыз.

Данияр Әміржанов, қала тұрғыны:

- Мен де өз таңдауымды жасадым. Елдегі саяси өзгерістерге қарап отырып және өз үлесімді қосқым келеді және ол біздің болашағымыз.

Учаскеде антисептик, санитайзер және өзге де қорғаныш құралдары қойылған. Сондай-ақ келушілерді қабылдайтындар да  қажетті бетперде, қолғап киген. Тіпті, медициналық маскасын ұмытқан дауыс берушілерге де бетперде үлестіріліп жатыр.

Жалпы сайлау учаскелерін қорғаныш құралдарымен қамту үшін бұған дейін республикалық бюджеттен 11 млн теңге қарастырылғаны хабарланған болатын. Ал, санитар дәрігерлер жөтел, қызу байқалса, үйден дауыс беру мүмкіндігін пайдалануға кеңес берді.