Қарағанды облысында 900 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген

Қарағанды облысы аумағында барлығы 787 сайлау учаскесі болса, тіркелген дауыс берушілердің саны 900 мыңнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таңмен таласа тұрған жұрт өз таңдауын жасап жатыр. Түске дейін қанша адам келді, сайлаушылардың белсенділігі қандай? Оны бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұрған тілшіміз Ардақ Асылханұлынан сұрап білейік.

Диктор:

- Ардақ, кенді өңірдегі сайлау барысы туралы баяндап өтсең.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Дәл қазір біз кеншілердің мәдениет үйінде орналасқан қаладағы ең ірі сайлау учаскелерінің бірінде тұрмыз. Мұнда таңғы сағат 7-ден бастап кісі қарасы үзілген жоқ. Жұрт әлі де келіп дауыс беріп жатыр, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Бір ғана осы учаскеде 2500-ге жуық адам тіркелген.

Саяси науқанның әділ әрі заң шеңберінде өтуін түрлі халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар мен саяси партиялардың 3 мыңға жуық сенімді өкілі мұқият қадағалап отыр.

Айта кету керек, кенді өңір жасыл аймақта болғанымен, барлық 778 сайлау учаскесінде санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Комиссия мүшелері әр үш сағат сайын бетперделерін ауыстырып отыруға міндетті. Кіреберісте сайлаушылардың дене қызуы өлшенеді. Сосын бір реттік қалам беріледі. Ал дауыс беру кабиналарының іші жиі желдетіліп, зарарсыздандырылуда.