Талдықорғанда озат шопан атанған кейуана сайлауға үйінен дауыс берді

Талдықорған қаласындағы нөмірі мың бірінші сайлау учаскесінде 2 мың 800-ге жуық сайлаушы тіркелген.

Соның 14-і өз таңдауын үйінен жасау туралы өтініш берген. Алматы облысының Сарқан ауданындағы Шора Қаниева үйінен дауыс беру туралы өтініш жасаған. Жасы 80-ге таяп қалған кейуана сайлау бұған дейінгі бірде-бір саяси науқаннан қалыс қалмағанын айтты.

«Өз конституциялық құқыңды жүзеге асыра алмаудан асқан қорлық жоқ. Ол еліміздің өсіп-өркендеп, гүлденуі үшін аса қажет», – деді жастайынан ауыр еңбекке араласып, алты бала тәрбиелеп өсірген озат шопан.

Шора Қаниева, зейнеткер:

– Қыз-жігіттерге рақмет! Менің енді жүрісім баяу, мынандай жерге шыға алмаймын, жасым бірталайға келіп қалды. Содан қорқып бара алмаймын деп айтқам. Сол бойынша келіп тұрсыздар, рақмет! Жастарың ұзақ болсын, халыққа қызмет жасай беріңдер! Сайлаудан Қазақстанның өркендеуін күтемін. Мына жастарға жұмыс болып, Қазақстанымызды гүлдендірсе,  дендері сау болса, одан артық бізге не керек? Содан басқа бізде ешқандай тілек жоқ.