Байқаушылар пікірі: дауыс беру заң талаптарына сай жүріп жатыр

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жатқан байқаушылар саяси науқан барысында заңбұзушылықтың байқалмағанын айтты.

«Дауыс беру үдерісі заң талаптарына сай жүріп жатыр», – деді олар.

Алматы облысының аумағында 1053 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде 1 миллион 400 мыңға жуық сайлаушы бар. Олар тіркелген учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.

Рысты Жақашбаева, байқаушы:

– Сайлауда конституцияға байланысты ешқандай заңбұзушылықтар көрініп жатқан жоқ. Мен байқаушы ретінде таңғы сағат 7-ден келіп, әр іс-әрекеттің бәрін бақылап отырмын. Ешқандай заңбұзушылық байқалмады.

Қабдолла Ыбырайымханов, байқаушы:

– Мен бірде-бір заңбұзушылықты байқаған жоқпын. Өйткені жақсы дайындық жүргізіліпті. Коронавирусқа байланысты маска тағу, дене қызуын өлшеу, барлық талап сақталуда. Биыл өздеріңіз білесіздер, сайлау өткізу жайындағы және саяси партиялар жөніндегі заңдарға көп өзгерістер енгізілді. Парламетке дайындалған, бағдарламасы жақсы партиялар өтеді деп ойлаймын.