Алматыда Мемлекет және қоғам қайраткерлері дауыс берді

Алматыда Мемлекет және қоғам қайраткерлері өздері тіркелген сайлау учаскелеріне келіп дауыс берді.

Қазақстанның тұңғыш Еңбек ері Аягүл Миразовада бүгін өз таңдауын жасады. «Коронавирус бүкіл әлемді қыспаққа алғанымен өмір жүріп жатыр» деді ардагер ұстаз. Сондықтан тұтас елдің тарихы үшін маңызды оқиғаның конституциялық мерзімінде өткені де дұрыс дейді ол.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек ері:

- Бес партия түсіп жатыр. Барлығына мүмкіндік берілді. Бәрі бірдей сол заңға байланысты өздерінің мәлімдемелерін жасап, өздерінің платформаларын халықпен таныстырды. Елдің келешегі ешкімге де ол немқұрайлы қарайтындай дүние емес.

Жалпы Алматы қаласында 581 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, бұрынғы Қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаев та азаматтық борышын орындады.  

Сәт Тоқпақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Бүгін елімізде, тәуелсіз Қазақстанда саяси мәні өте жоғары үлкен іс-шара болып жатыр. Ол бүкіл халықтық шаруа. Бүкіл Қазақстан халқы бүгін өзінің құқығын жүзеге асырады. Біз әрқайсымыз өзіміздің пікірімізді білдіреміз осы арқылы.