Сайлау – 2021: қызықты сәттердің видеотоптамасы

Жалпы халықтық сайлауда әр азаматтың дауысы маңызды. Мейлі жоғары лауазым иесі, атақты спортшы немесе қарапайым халық болсын – барлығының да бұл сайлаудағы рөлі бір.

Сайлау күні қазақстандықтар белсенділік танытты. Бұған өзінің сайлау бөлімшесіне барған Мәулен Әшімбаев көз жеткізген сыңайлы. Сенат төрағасына тіпті өз кезегін күтуіне тура келді.

 

Үкімет басшысы Асқар Мамин  де дауыс берді. Бірақ таңдау жасамас бұрын саясаткер баласы бар келіншекті дауыс беру кабинасына өзінен бұрын өткізіп, сыпайылық танытты.

Сайлау учаскесіне келгендердің әрқайсысы тіркеу журналында өзінің қолын қойғаны белгілі. Бірақ мына учаскеде Серік Сапиевтей қолтаңбасын жиі қалдырған ешкім болмады.

Серік Сәпиев, Лондон Олимпиадасының чемпионы:

- Сайлаудың жақсы ұйымдастырылғанын көріп отырмын. Санитарлық тұрғыдан қауіпсіздік шаралары сақталған. Кезекте ұзақ тұрған жоқпыз.

Ия, дауыс берген соң Олимпиада чемпионы жанкүйерлерін қуанту үшін бетпердесін бірнеше секундқа шешіп, фотоға түсіп алды. Ал мына сайлау бөлімшесінде масканың кесірінен есімі көпке таныс дауыс берушіні комиссия мүшесі танымай қалған.

Ал мына дауыс берушілердің тұлғасын анықтау тіптен мүмкін болмады. Қонжық кейпіндегі сайлаушылар Қарағандыдағы бөлімшеге келген. Комиссия мүшелеріне төлқұжатын бермеген олар бет жүзін көрсетуден де бас тартқан.

Таңқалдырған дауыс берушілер қатарында Талапкер ауылының тұрғындары бар. Салт атты сайлаушылар сәйгүліктерін бөлімше алдына байлап, ел болашағын айқындайтын таңдауларын жасады. 

Дидар Жексеков,  жылқы өсірушілер одағының вице-президенті: 

- Бір жағынан суық болғандықтан машинамыз да сынып қалды. Сондықтан енді атпен келдік. Қазір балалармен дауыс беріп, әрі қарай атпен кішкене серуендеп қайтсақ па деп отырмыз. Қаңтардағы сайлау күнін ауылдың атқамінерлері көпке дейін есте сақтары сөзсіз.

Автор: Бақыт Топтаева

Сондай-ақ...