Ақмола облысында ауыл халқының сайлауда белсенділігі жоғары болды

Саяси науқанға қала тұрғындарынан гөрі ауылдықтардың белсенділігі айрықша. Бұл Ақмола облысына Ресейден келген байқаушылардың пікірі.

«Елді мекендерде таңғы 6 жарымнан сайлау бөлімшесінің алдында тұрған адамдарды көргенде еріксіз таңқалдық» дейді олар.

Ал қалалық сайлаушылардың нөпірі тек түске қарай байқалғанын айтады. Жалпы саяси науқанды бақылау үшін Ақмола облысына шет елдерден 20 шақты байқаушы келді. Олар аймақтың барлық аудандарында жұмыс істеді. Жергілікті журналистерге брифинг берген ресейлік сарапшылар, сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ дейді.

Денис Валеев, Татарстан Республикасының Қазақстандығы өкілетті өкілі:

- Біз 10 сайлау учаскесіне барып, ол жерлердегі жұмыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқадық. Әркім өз қызметін мінсіз атқаруда. Тіпті біздің тексеру үшін әдейі қойған төтенше сұрақтарымызға да сайлау комиссиясының мүшелері мүдірмей жауап беріп отырды.

Александр Маратканов, байқаушы /Ресей/:

- Індет кезінде саяси науқанды осылай жақсы ұйымдастыру, бұл, тәжірибелі елдің ғана қолынан келеді. Санитарлық талаптар барынша сақталған. Барлық жерде антисептиктер мен қорғаныш құралдары қойылған. Мұны көрген халық та өзін қауіпсіз сезінеді.