Қарағанды мектептерінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді

Қарағандыда мектеп оқушыларына бүгін сабақ онлайн режимінде өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі күні кеше білім ошақтарының барлығында дерлік сайлау болғандықтан, жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыс беру кабиналары бұзылып, мектеп ұжымы ертеңгі күнге дайындық үстінде. Енді 12 қаңтардан бастап 1 мен 5 сыныптың оқушыларына 9 бен 11 сыныптың түлектері қосылады. Олар сабақтың 70 процентін дәстүрлі форматта оқыса, қалған 30 проценті онлайн режимінде өтеді. Үшінші тоқсанда облыс бойынша шамамен 130 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды деген жоспар бар.

Қымбат Оспанова, Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның директоры:

– Оқушылардың әрқайсысы медициналық бетперде тағып жүреді. Қызу өлшеу құралы таңертең келген бетте жұмысқа енгізіледі. Кезекші сыныптарда міндетті түрде 15 баладан оқытылады. Алып келген оқушылардың ата-аналары сырттан қайтарылады. Сыныптардағы, парталардағы арақашықтық бір жарым метр арасында сақталынады және кабинетке кірген бетте төсеніш кілемшелер, антисептиктер орнатылған.