Атырау облысындағы бірқатар аудан жарықсыз қалды

Атырау облысында бір қауым ел жарықсыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қосалқы станциялардағы апат салдарынан Атырау қаласының сол жақ бөлігі, сондай-ақ Жылыой, Индер, Қызылқоға, Махамбет, Мақат аудандары электр жарығынсыз қалды. Қазір желіні қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 

Апаттық жағдай 10 қаңтар күні сағат кешкі 18:30 шамасында «KEGOK» Акционерлік қоғамы электр желісінің «Индер-Атырау», «Орал-Индер» қосалқы станцияларында болған. Салдарынан облыс тұрғындары жарықсыз қалды. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғылардың сорғы және компрессорлық жабдықтары да істен шыққан.

Константин Чернохаев, «KEGOK» АҚ батыс өңірлік филиалының директоры:

- Атырау мұнай өңдеу зауытын қамтамасыз ететін желілердің бірі істен шықты. Дегенмен, зауыт электр қуатынсыз қалған жоқ, оларда қосымша желі қосулы. Бірақ апаттық жағдайдан кейін электр энергиясының жиілігі төмендеген. Өздеріңізге белгілі, ауа райы әлі де жақсарған жоқ. Десе де, қазір осы апатты жою жұмыстары жүріп жатыр.

Қысым жоғарылағаннан кейін Төтенше жағдайды алдын алу мақсатында зауыт отын, газын факел жүйесіне бағыттауға мәжбүр болған. Ал, бұл қоршаған ортаны ластау деп танылып отыр. Облыстық экология департаменті жиналған құжаттарды санитарлық қорғау мекемесіне жолдаған.

Сапар Тұрсынбеков, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- АМӨЗ санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде ауа сынамасы алынды. Ауа сынамасын алу кезінде күкірт сутегінің асқан фактілері орын алды. Осы фактіге қатысты жинақталған құжаттар, санитарлық қорғау органдарына жолдану үстінде.

Бұл апаттық жағдайдың кесірінен электр энергиясының жиілігі төмендеп, Атырау облысы ғана емес, Ақтау қаласының 2, 3А, 3Б, 4 шағын аудандары да тоқ көзінен  ажыратылған. Кәсіпкер Айдана Боранбаева «шығынға ұшыраймын ба» деп қорқады. Себебі, екі күннен бері дүкенін ерте жабуға мәжбүр.

Айдана Боранбаева, кәсіпкер:

- Біз температураны ұстап тұру үшін барлық мұздатқыштарды көрпемен жабамыз. Балмұздақтар әлдеқашан еріп кетті. Не істесек те, тоңазтқыштардағы температура сақталмайды. Ал, онда түрлі тәттілер, ет өнімдері бар.

Түпқараған ауданының Форт-Шевченко каласы мен Баутин ауылының тұрғындары да жарықсыз қалған. Қазір электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.