418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аршалы ауданында жүздеген тұрғын үй жылусыз қалды

  • 60
  • UPD: 08:22, 12.01.2021

Ақмола облысына қарасты Аршалы елді мекенінде жылу қазандығынан ақау шықты. Қыстың көзі қырауда жүздеген үй тұрғыны бүрсең қағуға мәжбүр. Қабырғалар да сыз тартып, электр сымдарына зақым келген. Ал тоқ пеш қолдану қуат көзіне жұмсалатын шығынды ұлғайтып жіберген.

Бастамада кем дегенде 70 градус болу керек. Бұл жерде бүгін ғана 40-тан асып отыр. Бұдан да аз болған.

Ақмола облысына қарасты Аршалы елді мекенінің тұрғындары қыстың көзі қырауда жылусыз отыр. Аудан орталығындағы қазандықтың бірі істен шыққан. Жүздеген үй орталық жүйеден қол үзді.

Валентина Тесленко, Аршалы елді мекенінің тұрғыны:

- Күні бойы қалың киіммен жүреміз. Ұйқыға да сол қалпымызда жатуға тура келеді. Үстімізден бірнеше көрпе жамылып жатамыз. Мен қарт адаммын. Ауыруға болмайды. Амал жоқ, үйдің ішінде бүрсең қағып жүрміз.

Сонымен тұрғындарға жылу беретін бұл қондырғылар жарамсыз. Таяуда жаңартылғандары да кәдеге аспай жатыр.

Мұхамедия Садыбеков, Аршалы елді мекенінің тұрғыны:

- Бүкіл Аршалы ауданы бойынша 2011 жылдан бері көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Мұндай әрекетсіздіктерге бұрын іс қозғайтын.

Аудан тұрғыны Оксана секілділер енді балаларымен туыстарының үйін паналайды. Себебі биыл ғана күрделі жөндеуден өткен пәтерін cыз басқан.

Оксана Прилепина, Аршалы елді мекенінің тұрғыны:

- Мына жерге біз тоқ пеш қосқан болатынбыз. Күйіктің исі шығып, тез арада өшіріп үлгірдік. Cыз тартқан қабырға осылай өмірімізге қауіп төндірді. Балаларымызды үйде қалдыруға қорқамыз. 

Жағдайдан аудан әкімдігі хабардар. Қазандық басына келіп, мән-жайды түсіндіруге тырысқан бөлім басшысы бұған мердігерлерді кінәлайды. Енді бюджеттен тағы қаржы сұрайтынын алға тартты.

Азамат Берікұлы, Аршалы ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қондырғылар күйіп кетті. Оған жауапты мердігерге хат жазып, орнына басқасын қоюды сұрадық. Қазір бұрынғы үлгісін әкеп, уақытша іске қосып қойдық. Бірақ, оның да күші жетпей жатыр. Енді облыстық әкімдікке бюджеттік өтінім беріп, жаңа пеш сатып алу жағын ойластыруымыз керек. 

Елді мекен бойынша 6 қазандық жұмыс істейді. Басым бөлігінде ақау бар. Тіпті аудандық аурухана да жылусыз отыр. Дәрігерлер науқастарға суық бөлмеде ем-дом жасауға мәжбүр. Сондықтан барлық жерде электр пештері қолданылады. Сәйкесінше қуат көзіне жұмсалатын шығын да ұлғаяды. 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Аян Сәрсембаев

Хабар 24 телеарнасы