Карантинде отырып оқыған оқушылар мектеппен сағына қауышты

Үшінші тоқсан еліміздің бірқатар өңірінде дәстүрлі форматта басталды. Оқу ордаларында арақашықтық сақталып, санитария талаптарына мән берілген. Нұр-Сұлтандағы мектептер де таңсәріден есігін айқара ашты. Алдын ала өтініш білдірген 70 мыңға жуық бала бүгін мектепке барды.

Елордада күн райының бұзылуына байланысты екінші ауысымдағы барлық сынып оқушыларына мектепте сабақ болмайды. Олар бүгін оқуын қашықтан оқиды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады.

Қазгидрометтің хабарлауынша, Нұр-Сұлтандағы жел екпіні секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғып тұр.

№65 мектептің есігі бүгін таңғы жетіден ашық. Себебі оқушылар қысқы каникулдан оралады. Баласын жетектеген ана, немересін ерткен қария осында ағылуда. Он күн тынығып, тың күшпен келген өрендер де алтын ұя мектебін сағынған. Әсіресе үлкен өмірге қанат қаққалы отырған жеткіншектер бұл сәтті асыға күткендерін айтады. 

Диана Мұратқызы,  №65 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

- Мен достарымды көріп қуандым. Себебі көп үзілістен кейін қауышып жатырмыз.  Бәріміздің басымыз қосылды. Көңіл-күйіміз жақсы. Үйде оқып жүрген кезде көптеген қиындықтар болды. Ал осында келгенде біз тапсырманы бірге орындауға тырысып жатырмыз.

Асылбек Еркінов, №65 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

- Өте қатты қуандым. Бір шетінен сыныптастарымды көріп, соңғы жыл болғандықтан. ЕНТ-ға дұрыстап дайындалу маңызды. 

Десе де, мектепте бұрынғыдай еркіндік жоқ. Ғимаратқа кірудің өзі бір рәсім. Оқушы алдымен бүріккіштен өтіп, дене қызуын өлшейді. Маска тағып, қолын сұйықтықпен шаяды. Дәлізде де бейберекет жүрген баланы көрмейсіз. Ал сыныптарда «бір партада бір бала» қағидасы қатаң сақталған.

Нұргүл Елекеева,  №65  мектеп-гимназиясының директоры:

- Сабақ 70 процент мектепте жүргізіледі. 30 процент қашықтан жүргізіледі. 9-кластар үшін 21, 11-класстар үшін 23 сағат жүктемені қамтуымыз керек. Физика, алгебра, геометрия, тарих, қазақ тілі негізгі сабақтары, ҰБТ таңдау сабақтары, және мемлекеттік емтихан тапсырылатын барлық пән дәстүрлі форматта беріледі. 

Бала санының көбеюі мұғалімдерді үйреншікті жұмыс тәртібіне көшірді. Десе де, қауіптің алдын алу үшін бәріне тиімді сабақ кестесі жасалды, дейді маман. Алдыңғы тоқсандарда 1065 оқушы кезекші топтарда оқыған. Оған енді  9 және 11-сыныптың 180 ұл-қызы қосылып отыр. Ал қала бойынша бүгіннен бастап 70 мың бала мектепке барып білім алады.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Асхат Қарағойшиев