СҚО тұрғындары «Менің туым – Менің Отаным» патриоттық челленджін дәстүрге айналдырмақ

Елімізде бастау алған «Менің туым – Менің Отаным» атты патриоттық челлендж үлкен қолдауға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында рухты оятатын бұл эстафета аз ғана уақыттың ішінде жалпыхалықтық қозғалысқа айналып үлгерген. Қазір өңірдегі барлық аудан, ауыл азаматтары атқа мініп көк байрағымызды көкке көтеруде. Бұл жолы шарапаты мол шара Шал Ақын ауданында өтті. Оны ұйымдастыруға 200-ге жуық адам, жүздеген көлік және 40-тан астам жылқы жұмылдырылды. Осылайша жиналған жұрт жастардың мемлекеттік рәміздермен елге деген сүйіспеншіліктерін оятты. Енді бұл челленджді өткізуді ел азаматтары игі дәстүрге айналдырмақшы. Жалпы аталған іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орналды.

Данияр Жамаған, ұйымдастырушы:

– Еліміздің азаматтары атсалысып, тез арада жиналып, күш-қуат беретін сезімде болдық. Ауданымызда соның арқасында 500 мыңнан астам қаражат жиналып, осы іс-шарамызды екі күннің арасында өткіздік. Енді жиналған қаражат жаңағы кем-жетіктерге, қарт әже-аталарымызға, және де сол ауданымыздың ішінде жұмсалады.