Түркістан облысында жыл басынан бері 170 адам карантиндік талаптарды бұзған

Түркістан облысында жыл басынан бері 170 адам карантиндік шектеулер мен санитарлық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың көбі – жиын-той өткізіп, отбасылық мерекелерді кең көлемде атап өткен тұрғындар. Тәртіп бұзғандарға салынған айыппұл көлемі 8 млн теңгеден асады. Жалпы облыс бойынша 104 мобильдік топ құрылған. Олар күн сайын рейд ұйымдастырып, қадағалап отырады. Мамандар өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін айтады. Жаңа жылдан бері облыс көлемінде 117 адам вирус жұқтырған. Қазір науқастар ем алып жатыр.

Нұрбек Нышанов, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері:

– Кәсіпкерлік нысандарға, былай айтқанда кафелерге жоспардан тыс тексеру тағайындап жүргіземіз. Қазіргі күнге дейін біз 17 нысанды тексердік. Соның ішіндегі бесеуін біз экономикалық сотқа өткіздік. Себебі тексеру кезінде сондай жағдайларға жол берілгендіктен, сот жүйесіне талап-арыз бергенбіз. Осы қаңтар айында қарастырылып, жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданады деп отырмын.