Өскеменде сапасыз салынған үйдің тұрғындары прокуратураға шағымданып жатыр

Облыс орталығындағы 19-шағын ауданда ипотекалық бағадарлама бойынша бой көтерген кей баспаналар тұрғындар кірмей жатып сыр берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатты аяз бен боранға шыдас бермей, шатыры шытынап, қабырғасы қақыраған. Суыққа тоңып, сапасыз үйден қауіптенген кейбір отбасылар қыстың көзі қырауда басқа жақтан пәтер жалдап көшуге мәжбүр. Үйді салған мердігер компания өзін банкрот жариялаған. Ал баспана құрылысына тапсырыс беріп, тұрғындарға несиеге пәтер үлестірген «Қазақстан ипотекалық компаниясы» үйдің сапасыз салынғанын мойындаған. Пәтер иелеріне кеткен кемшілікті қалпына келтіруге уәде берген. Алайда бүгінге дейін ешбір ақауға қатысты жұмыс атқарылмаған. Енді амалы таусылған тұрғындар облыстық прокуратурадан көмек сұрап отыр.

Айнұр Мамырбаева, жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

– Қыркүйек кезінде осы үйді қабылдап алғанмын. Содан бері күні-түні сантехниктерімізбен осы үйдеміз. Неге десеңіздер. Өте көп ақауы бар. Сыртынан бастап жертөлеге дейін. Жылыту орталығы бізге 100 градус темпратура беріп отыр. Біз 85-те бере алмаймыз. Әр пәтерге құбыр пластикадан жасалған. Ыстыққа шыдамай жарылып жатыр.

Бақытбек Әміренов, қала тұрғыны:

– Ендігі біздің қадмымыз тек қана осы толыққанды облыстық прокуратураның күшімен тексеру өткізіп, үйді салған құрылыс компаниясының жауапкершілілігін шешу керек. Солық төлеушілердің ақшасына салынған ақшаны қалталарына басып кете берген болмайды. Онан кейін үйді қабылдап алған мемлектетік комиссия мүшелерінің жауапкершілігін шешу керек?!! Осыны біз облыстық прокуратураның тексерісінен кейін қорытынды болады деп ойлаймыз.