420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысының Қызылжар ауылында бірнеше көше сусыз қалды

  • 99
  • UPD: 21:44, 12.01.2021

Аязды күндері ауылда құбырлар қатып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан тұрғындар су тарататын құдыққа түсіп, суды қалауынша ағызған. Ал ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуші мекеме болса судың да сұрауы бар дегенді айтады.

Қызылжар ауылының тұрғыны Рүстем Чашидзенің үйіндегі су құбыры аязда қатып қалған. Күн сайын газ балонын жағып,  құдықтағы құбырды қыздырумен әлек. Екі күннен бері суды ауылдың басқа шетінен тасиды. Ол да бірде бар, бірде жоқ. Кейде ауыз суды сатып алуға мәжбүр.

Рүстем Чашидзе, Қызылжар ауылының тұрғыны:

– Енді адам баласына су керек. Бала-шаға бар, су болмаса болмайды ғой.

Мұрат Естемісов, Қызылжар ауылының тұрғыны:

– Қара суық келді. Тоң болып, жердің астындағы құбырлар қатып жатыр. Сонымен су аз болғаннан кейін ауылымызға су жетпей жатыр. Тұрғындар бір көшеден келіп жабады, екінші көшеден келіп ашады. Сонымен әлек болып жатырмыз.

Қызылжарда 4 мыңнан астам адам тұрады. Ауылдың төменгі жағында судан тапшылық жоқ. Ал таудың етегіне жақын көшелерде су шықпайды. Өйткені құбырда қысым жоқ.

Алмас Садуақас, тілші:

– Аязды күні үйлеріндегі су қысымы күрт түсіп кеткендіктен ауылдың кейбір тұрғындары мына су үлестіруші құдыққа түсіп, тетіктерін бұрап суды қалауынша ағызған. Сондықтан Есік су мекемесі құдықтың аузына мынандай бетон қақпақ жабуға мәжбүр болды. Бірақ мұның да қанша тұратыны әзірге белгісіз. Өйткені құдықтың жан-жағы ашық, әрі күзетсіз тұр.

Жалпы Қызылжардағы су құбыры әбден ескірген. Аудан орталығы Есікте, Қызылжармен іргелес Көктөбе мен Өрікті ауылдарында да тура сондай жағдай. Ал жылда тесіліп, тамтығы жетіп тұрған 28 шақырым құбырды жаңалауға әлі екі жыл уақыт керек. Өткен жылы Есік қаласының жанынан топтық су үлестіруші құдықтың құрылысы басталды дейді суға жауапты мамандар.

Ернар Арыстанбеков, сумен жабдықтаушы мекеме директоры:

– Біз бәріне теңдей бөліп жібереміз. Әркім өзіне келеді де бұрайды. Содан проблемалар шығып жатыр. Болашақта «Еңбекшіқазақ группалық водопровод» деп аталады. Сол салынып жатыр. Жұмысы басталды. Трубасы ауылдың үстінен қазылып, тартылып қойған. Жаңадан станция салынып жатыр. Сол біткен кезде бұл суды жақтан алмаймыз. Мына жақтан тазартылған дұрыс су береміз.

Ал әзірге Қызылжардағы қос көшенің тұрғындарының қатқан құбырларын қыздырып, суды қалай болғанда да жібітіп алудан басқа амалдары жоқ. Ал қараусыз тұрған су үлестіретін құдыққа кез келген адам түсіп, арнаны өз көшесіне бұра берсе жүйе істен шығып ауылда апатты жағдай болуы да ықтимал.

Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев

Хабар 24 телеарнасы