Қарағанды облысында жыл сайын бір миллион шаршы метр үй салынады

Қарағанды облысында жыл сайын 1 миллион шаршы метр үй салынатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Меже алдағы 3 жылда орындалады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 5700 отбасы баспаналы болған. Бұл мақсатқа 25 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал, биыл шаршы метр көлемі тағы 18%-ке артық салынбақ. Осылайша, алдағы үш жылда шаршы метр көлемі бір миллионға жеткізілмек. Қазірдің өзінде мамандардың мәліметінше, үй кезегін күткендердің саны бір жыл ішінде 6%-ке кеміген. Қазір облыс бойынша баспанадан үміткер 35 мыңға жуық  адам бар.

Тайхан Қалмаханов, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру 92%-ке ұлғайды. Бұл біздің былтыр бастаған: «50/50» бағдарламасының нәтижесі. Ол бойынша құрылысқа қажетті қаржының 50%-ін жергілікті бюджеттен алса, қалған 50%-ін облыс береді. Осындай бағдарламаның арқасында алдағы жылы да құрылыс қарқыны артады.