Ауаны шамадан тыс ластайтын көліктерге салынатын айыппұл артады

Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануына байланысты ауаға тиісті нормадан артық ластаушы заттар шығаратын көліктерге салынатын айыппұл мөлшері артады.

Бұл кодекстің «ластаушы төлейді» принципіне сәйкес келеді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне (334 бап) енгізілген өзгерістерге сәйкес шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшері белгiленген нормативтерден асса, жеке көлік иесі 10 айлық, заңды тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 200 АЕК айыппұл салынады. Жаңа норма шілде айында күшіне енеді. Ал әзірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 2, қайталанған жағдайда 5 АЕК айыппұл жазылады.

Сонымен бірге өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары қабылданғанын, аталған құжаттарда автокөлік шығарындыларын азайту бағытында атқарылатын шаралар да қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының Жол картасына сәйкес техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Бұрын техбайқау пункттерін ашқысы келетін кәсіпкер ол туралы тек хабарлауға тиіс болса, енді арнайы рұқсат алуы тиіс. Мұндай орталықтарға бірыңғай бағдарламалық қамтамасыз ету де енгізіледі. Сақтандыру полисін алу кезінде техникалық байқаудан өту міндеттемесі жүктеледі. Сонымен қатар техбайқау операторының қызметін тоқтата отырып, міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту да қарастырылған.

Атап өтейік, елімізде экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автокөліктер техбайқау кезінде Экология департаменттерінің Ішкі істер басқармасымен немесе көліктік бақылау органдарымен бірлескен рейдтері барысында және кәсіпорындарға жүргізілетін профилактикалық тексеру кезінде анықталады. Автокөліктен шығатын ластаушы заттар нормативтерінің сақталуын Экология департаменттері газталдағыш «Автотест», «Мета-01», т.б. өлшеу құралдары арқылы тексереді.

Ақпарат көзі: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі