Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесіне кибершабуыл жасаған адам жазаланды

«Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйесіне кибершабуыл жасаған адамның 2 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы мамырда «goszakup.gov.kz» мемлекеттік интернет ресурсының жұмысын уақытша тоқтатқан «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйесіне (Қазақстан Республикасының ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды объектісі болып табылады) үйлестірілген кибершабуыл (DDos типті) фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады», - делінген комитет хабарламасында.

Көрсетілген кибершабуыл салдарынан жалпы сомасы 164 млрд теңгеге 7901 мемлекеттік сатып алу ауыстырылды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында, оның ішінде «ЭҚО» АҚ (электрондық қаржы орталығы) жәрдем көрсетуімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде кейіннен артықшылықтар алу мақсатында мемлекеттік интернет ресурсқа кибершабуыл жасаған ҚР азаматы анықталды.

Тергеп-тексеру және жүргізілген компьютерлік-техникалық сараптама нәтижелері бойынша адамның кінәсі толық дәлелденді, қылмыс жасау құралдары алынды.

2020 жылғы 22 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен сотталушы ҚР ҚК 207-бабының 2-бөлігі 1-тармағы «Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникация желілерінің жұмысын бұзу» бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырумен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланды.

Үкім заңды күшіне енді.