Семейдің оң жағалауында жылу тапшылығын жою үшін құбыр тартылады

Семейде қатты аязда көп қабатты үйлердің тұрғындары бүрсеңдеп, тоңып шыққан болатын. Әсіресе оң жағалауда жылу тапшылығы қатты сезілді. Тіпті 3 қазандық толық қуатымен жұмыс істегеннің өзінде халыққа әлі де 100 гигакалорий жылу жетпейтінін мамандар мойындап отыр. Олардың пікірінше, керісінше сол жағалауда жылу мөлшері артық. Сондықтан алдағы жазда 1-жылу орталығынан ескі көпір арқылы құбыр тарту жұмыстары басталмақ. Бұл туралы «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының басшылары мәлімдеді. Осыдан 3 жыл бұрын 1-жылу орталығын модернизация жасауға мемлекет қазынасынан 20 миллиард теңгеден артық қаражат бөлініп, заманауи құрал-жабдықтар орнатылғанын айта кетейік.

Қаланың 35-шағын ауданында тұратын Виктор Удовиченко бұл қысты пәтерінде отырып, тоңып-қалтыраумен өткізетін түрі бар. 5 қабатты үйдің бірінші қабатында тұратын зейнеткер бөлмедегі температура 15-13 градусқа дейін төмендеп кеткенін айтады. Қабаттап көрпе жамылып, электр жылытқышын қосуға мәжбүр болған.

Виктор Удовиченко, қала тұрғыны:

-  Диванға жатып аламыз да аяғымызды қымтап, жылынған боламыз. Жылытқыш пештің арқасында әйтеуір амалдап отырмыз. Бірнеше сағат қосып қоямыз да көрпенің астына тығыламыз. Тіпті кейбір бөлмені жауып тастадық.

Надежда Пантелеева да қазандық дәл түбінде тұрып, жылуға жарымай отырған пәтерде тұрады. Жаздай жылу құбырларына жөндеу жасалғанымен одан қайыр болмады деп налиды тұрғын. Енді міне жылудан бөлек электр қуатына еселеп төлеуге мәжбүр. Алайда семейлік жылумен қамту кәсіпорыны бұл мәселені шешудің ерекше жолын ойлап тауып, көпшілікті таңқалдырып отыр. Мамандар Ертістің сол жағалауындағы жылу орталығынан оң жағалауға құбыр тартпақ.

Расылхан Жолдасов, «Жылукоммунэнерго» МҚК директоры:

- Болашақта бұл тапшылық мәселесі оң шешімін табады. Біз ол үшін арнайы жоспар құрып отырмыз. Яғни келесі жылу маусымына дейін сол жағалаудағы жылудың артық мөлшерін оң жағалауға тасымалдаймыз. Ескі көпір арқылы құбыр тартылып, жұмыстар қолға алынады. 

Қаланың сол жағалауындағы жылу орталықтары осыдан бірнеше жыл бұрын модернизациядан өтіп, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған болатын. Олар 600 гигакалорий жылу өндіруге қауқарлы. Дегенмен, дәл қазір оның жартысы ғана сұранысты өтеп отыр. Сондықтан оң жағалаудағы 100 гигакалорий тапшылықты жоюға бұл өте тиімді жол деп есептейді мамандар.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...