Ақтауда шоқыну мерекесінде суға түсетін арнайы орын бөлінді

Ақтауда 19 қаңтар күнгі шоқыну мерекесінде суға түсетіндерге арнайы орын белгіленді. Қаладағы православ шіркеуі былтырдан бері осы дәстүрлі шараны ұйымдастырудан бас тартқан болатын.

Суға түсетіндер бұл күні сол жерге барып діни рәсімге қатыса алады. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін Форт-Шевченко және Құрық елді мекендері мен Кендірлі демалыс орнында құтқару бөлімшелердің қызметі күшейтілген кестеге ауысады. Сондай-ақ келер сейсенбіде сүңгуірлер мен дәрігерлер 14 шағын аудандағы жағалауда тәулік бойы кезекшілікте болады.  

Бекболат Әбдіқадыров, өңірлік ТЖД бастығының орынбасары:

- Жүрегі әлсіз, бронхы-өкпе аурулары бар, тамырлары спазмаларға бейім адамдар мұзды суға түспеуі керек. Ең жақсысы, дәрігерлермен алдын ала кеңесу қажет. Суға ыңғайлы, сырғанап кетпейтін және оңай шешілетін аяқ киіммен жақындау керек. Бұл сізге тайып кетуге мүмкіндік бермейді. Суда 1 минуттан артық тұруға болмайды. Әйтпесе тоңазу қаупі төнеді.