430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмолада қан беріп, жан құтқаратын донор азайып барады

  • 210
  • UPD: 21:16, 13.01.2021

Ақмола облысында қан тапсыратын донорлар азайып барады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ерікті түрде қан беретіндер аймақта 11 процентке азайған. Яғни, жыл сайын шамамен 10 мыңнан аса адам биоматериалын өткізетін болса, соның 1 мыңнан астамы қысқарды деген сөз. Дәрігерлер, бұлай жалғаса берсе, қанның қоры азайып кете ме деп қорқады.

Көкшетаудағы қан орталығының дәрігерлері, сараптама өткізетін кабинеттердің алдындағы орындықтар бұрын бір сәт босамайтын дейді. Ал қазір бұл арада кісі азайған. Күні бойы ары кетсе 10 шақты адам ғана келеді. Бұған басты себеп карантин. Қозғалыс шектеліп, вирус дендеген шақта келушілер де күрт кеміп кеткен.

Ермек Мұхамедиев, облыстық қан орталығының бас дәрігері:

- Бізге күніне тиісті қорды жүйелі түрде толтырып отыру үшін 30 ға жуық донор қажет. Ал қазір тәулігіне 12-15, ары кетсе 17 адам келеді. Бірақ, өткен жыл қаншалықты қиын болғанымен біз ешқандай аурухананы гемо-өнімсіз қалдырған жоқпыз. Дегенмен, қанның қорын біз алдын ала артығымен жинап қоюымыз керек. Себебі, аяқ астынан көп қан қажет боп қалуы мүмкін. 

Донор қаны орталықта 42 күн сақталады. Ал балаларға қажетті биоматериалдың мерзімі бір аптадан аспауы тиіс. Бұл қорды жаңартып отырудың қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Дәрігерлердің «донор азайып барады» деп алдын ала алаңдайтын да жөні бар. Себебі кез келген адам қан тапсыра алмайды. Оның үстіне донор болғысы келетін жан созылмалы және аты жаман аурулармен ауырмауы тиіс. Сау адамның өзі мұнда белгілі бір әзірлікпен келуі керек.

Надежда Бархатова, трансфузиолог дәрігер:

- Қан тапсырардан бірнеше күн бұрын донорлар  майлы, қуырылған, кептірілген тағамдарды, жұмыртқа, сүт немесе айран секілді өнімдерді тұтынбауы тиіс. Диета ұстамаған адамнан қан алмаймыз. Себебі ол жарамайды. Тіпті қатты шаршап тұрған кісіден де қан алуға болмайды.

Көпшіліктің донор болғысы келмеуіне тағы бір себеп, халық арасында «қан тапсырсаң, әлсіреп қаласың» деген түсінік бар. Ал 10 жылдан астам уақыт тұрақты донор атанып келе жатқан көкшетаулық Ерлан Әбішев мұны жоққа шығарып отыр. Ол жылына 7-8 рет қан береді. Айтуынша, қайта донорлық қанның ұйып қалуынан туындайтын түрлі аурулардан сақтайды.

Ерлан Әбішев, қала тұрғыны

- Мен негізінен тромбоцитке тапсырам. Плазмаға да қан өткізген кезім болды. Денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Керісінше бір жеңілдеп қаласың. Ең бастысы, сенің қаның біреудің өмірін құтқарып қалуға тікелей сеп болуы мүмкін. Міне, түсіне білген адамға бұл нағыз бақыт. 

Донорлардың қатары кеміп бара жатқан соң қан тапсыратын адамдарды ынталандыру үшін былтыр облыстық бюджеттен қосымша 7 млн теңге қаражат бөлінген. Мұндай қолдау биыл да көрсетіледі, дейді мамандар. Осы арқылы енді қан бергендерге әдеттегі 700 теңге емес, 3 мың теңгеге жуық ақша төленеді. 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы