432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында үш мың халық тұратын ауыл сусыз қалды

  • 245
  • UPD: 21:00, 13.01.2021

Павлодар облысында үш мыңдай тұрғыны бар Заря ауылы ауыз сусыз қалды. Бұған  су тазарту қондырғысының істен шығуы себеп болған. «Аязда құбырларды қатырып аламыз» деп қауіптенген мамандар желіге тазартылмаған су жіберген. Бүгін мамандар ауылға арнайы барып, судан сынама алды. Ал су тарату станциясындағы ақаулар жойылып, тіршілік нәрі үйді үйге беріле бастаған. Бірақ бәріне бірдей жете қойған жоқ.

Заря ауылы орталық су жүйесіне өткен жылдың желтоқсан айында қосылды. Бірақ тіршілік нәрін  тұрғындардың бәрі бірдей тартып үлгермеді. Бүгінгі таңда 500 үйдің орталықтандырылған су жүйесіне тек жартысы ғана қосылған. Кәмила Өсербаева көп балалы ана. Бір баласы қант диабетіне шалдығыпты. Сондықтан судың сапасына жіті мән береді. Тіршілік нәрін үйіне әкімдіктің көмегімен өткізген. 

Кәмила Өсербаева, Заря ауылының тұрғыны:

- Бұрын біз құдықтан су алатынбыз. Сол суды пайдаланатынбыз. Сол су ащы болды. Қазір бірінші желтоқсаннан бастап біз су қосып алдық. Сол су өте таза. Фильтр қойған жоқпыз біз. Фильтрсіз де су таза. Шәй ішеміз, тамақ пісіреміз сол сумен. Шәйнегіміз бәрі таза, тұз жоқ. Бір балам сахарный диабет деген аурумен ауырады. Көп су ішеді, қайта-қайта су іше береді. Балама су ұнайды.

Жаңа су тарату станциясы бір ай бұрын қолданысқа енген болатын. Бүгінде автоматты су тазарту қондырғысы істен шыққан. Мердігерлердің айтуынша, оған тоқ кернеуіндегі өзгерістер себеп болған.

Әлібек Нұрғалиев, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- Техникалық қателіктерден бағдарламада жаңылыс болды. Біз бәрін тез арада жойдық. Бүгінгі таңда станциядағы су тазарту қондырғысы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Апатты жою кезінде құбырларға су жіберу үрдісі тоқтатылмапты. Сондықтан үйдегі краннан жағымсыз иісі бар лас су аққан. Ол тұрғындардың жаппай шағымдануына түрткі болды.

Сағындық Сұлтанғалиев,  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы:

- Тұрғындар судың түсіне шағымданды. Бұл судың ластаушы заттармен араласып кеткенін көрсетеді. Алынған сынама тіршілік нәрінің қаншалықты санитарлық талаптарға сай келетінін анықтайды.

Станцияны салған мердігер ұйым су тазарту қондырғысын қалпына келтірді. Қазір станция толыққанды жұмыс істеп тұр. Бірақ кейбір үйлердің құдықтары қатып қалған. Соның кесірінен 26 отбасы сусыз отыр. 

Нұрболат Сағындықов, сумен жабдықтаушы мекеме директоры:

- Бұған септиктердің жоқтығы себеп болып отыр. Өйткені суды тұтыну көлемі өте аз. Тәулігіне бір-екі шелек су жұмсалады. Сондықтан құбырлар қатып қалған. Бригада жұмыс істеп жатыр. Ақаулар жойылады.

Құбыры қатып қалған Марат Баткеевтің үйіне су енді келді. Бұл отбасы шаруашылық мақсаттағы суды ескі құдықтан алады екен. 

Қадылжан Сәтиев, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:

- Келешекте судың қатып қалмауы үшін су таратуды қамтамасыз ету керек. Тұтынушылар ауызсуды толыққанды пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана осындай күтпеген жағдайлар болмайды.

Заря ауылында қатып қалған құдықтар осы аптаның аяғына дейін жылытылып, сумен қамту жүйесі толық қалпына келтірілмек.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы