Оралда базарға әкелінетін еттің тексерусіз сатылатын кездері жиіледі

Батыс Қазақстан облысында соңғы 2 жылда пара бергені үшін 60 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 9-ы ет өткізу үшін жалған ветеринарлық сертификат бергендер. Айта кету керек, тек өткен жылы өңірде 100 тоннаға тарта ет өнімі сатылыпты. Алайда сауда сөресіне түсетін еттің зертхана атаулыны айналып өтетін жағдайлары да кездесіп тұрады екен.

Оралдағы орталық базарда 3 мыңнан аса орын жалға берілсе, соның жүз шақтысы ет саудасының көрігін қыздырғандар еншісінде. Олар күн сайын тұтынушыларына 2 тоннадан аса ет сатады екен. Солардың бірі Ұлдай Ғалиеваның бұл кәсіппен айналысқанына 20 жыл болыпты. Сиыр мен жылқы етін жақын ауылдардан аламыз. Сауда сөресіне түскенге дейін сапасы сан мәрте тексерістен өтеді деп ойлаймыз,- дейді ол.    

Ұлдай Ғалиева, сатушы: 

- Біздер бір кісіден аламыз постоянно, ауылдан алып келеді, жақын жерлерден алып келеді документімен, ветеринарный, мұнда лабораториядан өткізіп, сосын ішке кіріп осы жерде сатамыз. Кісілерден ешқандай шағым түскен жоқ осы жерге дейін.

Дегенмен, тұтынушылардың дені сатушылардан қандай да бір құжат талап етіп жатпайды екен. Бұл ретте олар өз тәжірибесіне жүгінгенді жөн көреді. Мысалы, иіскеп немесе түр-түсіне қарап ақ еттің жай-күйін ажырата береміз дейді.   

Анатолий Фёдоров, қала тұрғыны:

- Ешқандай қағазына қарап жатпаймын. Егер ет қарайған болса жақындамаймын. Ал жаңа сойылған семіз әрі таза болса ойланбай сатып аламын.

Наталья Логина, қала тұрғыны:

- Құжат талап етпеймін. Осындағы қыздардан әркез сатып алып жүрмін. Бірақ мен бірінші кезекте сатушыларға емес – зертханадағы ет сапасын тексеретін мамандарға сенім артамын. Олар сойылған малдың еті мен бауырын тексеріп тиісті қорытынды шығаруы керек қой.   

Жекеден алынатын мал өнімдерінің сапасы осы зертханада тексеріледі. Мына секілді аппараттардың көмегімен сүт пен жұмыртқаның да жай-күйін анықтауға болады. Айтпақшы, ет сапасын иіскеп білу әдісін зертхана мамандары да қолданады екен:

- Если мясо вынужденно забитое, то будет неприятный запах...

Зертханаға жеткізілетін мал өнімдерінің барлығы бірдей талапқа сай бола бермейді. Арасында ауру малды толық емдемегендері де, жең ұшынан жалғасуды жөн көретіндері кездесіп жататыны жасырын емес. Біразы қылмыстық жауапкершілікке де тартылған. 

Өтеген Қуанғалиев,  қалалық аумақтық ветеринарлық инспекциясының бас маманы:

- Арасында манағыдай алып келеді, лас сойылады, и болмаса мына құжаттарының сроктары асып кетеді. Алады, қатырып тастайды, алып келеді, ондайда мысалы, кейін қайтарып жіберген жағдайлар болды, оны қайда апарады, қайда тапсырады, оны білмейміз. Бізде болды қайтарып жібергендеріміз.

Біржан Хайруллин, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы:  

- Өкінішке орай бұл ветеринария саласында соңғы 2 жылда бірнеше қылмыстық істер тіркелді. Сот шешіміне орай айыпты болып әртүрлі көлемде айыппұлдар салынды. Соның ішінде пара беру дерегі де бар. Соңғы 2 жылда 9 жеке тұлға ветеринарлық анықтама алу үшін әртүрлі көлемде пара берген мың теңгеден 2 мың теңге аралығында. Соған сәйкес оларға параның еселенген түрінде айыппұдар салынды.

Облыс орталығында ет сататын оннан аса орын бар екен. Бірақ мұнда әкелінетін ет сапасы тексеріле ме деген сауалға облыстық ветеринарлық инспекция мамандары жақ ашпады. Ал санэпидемиолог мамандар тексеріс тек тұтынушы тарапынан арыз түскенде ғана жүргізілетіні айтады. Сапаны бақылауға жауапты мамандар мен ет өткізуші арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары.

«Сол себепті мұндай ет сапасын тексеретін орындардың бәріне бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныс бердік», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері.

Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов