Қызылорда облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Қызылорда облысында екі автокөліктің соқтығысып, үш адам көз жұмды.

Оқиға 14:00 шамасында Қызылорда-Жезқазған жолының бойындағы Құмкөл трассасы аумағында болған.

«Мерседес Спринтер» мен пикап жеңіл көлігі соқтығысқан. Апат Қызылорда қаласынан 60-70 шақырым қашықтықта болған.

Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жеңіл автокөліктегі екі адам мен шағын автобус жүргізушісі көз жұмды. Үш адамның денсаулығына шағымы жоқ. Төрт адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілсе, екеуін жедел жәрдем оқиға орнынан алып кеткен.

Қазір апат орнында төтенше жағдайлар саласының мамандары жұмыс істеуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Көліктердің қандай мекемеге қарасты екені нақтылануда.