Елордада 19 көлік өртеніп кетті

Бұл - небәрі 2 аптада тіркелген дерек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қынжылтатыны, көлік оталдырамын деп, от жағатындар сонда да сиремей тұр. Темір жанса мейлі ғой, ондайда өмірімен қош айтысып жататындар бар. Сондықтан мамандар көлік қыздыратын кезде аса сақ болуды ескертіп отыр.          

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Боран басылды. Жүріс-тұрыс бәсеңдегендей болып еді, қазір қайта жанданды. Бірақ табиғат әлі де шәлкез мінезін танытады. Синоптиктер бұрқасын болмаса да, арқаны алдағы күндері аяз қысады деп сендіріп отыр. Ал ондай кезде көлік барлардың біраз титықтап қалатынын білеміз.

Қатты аязда көлігі қатып, қара жаяу қалғандар көп. Машинасын осы орталыққа сүйреп келгендері бар. Алды көліктерін алып үлгеріпті. Ал кейін келгендері әлі де біраз күтеді.

Александр Бойко, көлік жөндеуші:

– Қысты күні біздің көмекке жүгінетіндер көп. Өткен аптада келген көліктерді енді жөндеп болдық. Хабарласып жатқандар әлі де бар. Көбі көлігім оталмай қалды дейді.

Қазір көлік оталмай қалса не істейді? Аккумуляторын түртпектей бастайды. Сосын басқасына жалғап көреді. Болмаса, от жағып қыздырады. Солай жібітіп алуға тырысып жатады.  

Александр Бойко, көлік жөндеуші:

– Кейінгі шыққан көліктерде шаңнан қорғайтын пластик болады. Оны көп жүргізуші көрмейді. Сөйтіп, абайсызда жандырып алады. Ондай кезде өртті сөндіру тіпті қиын.

Жыл басталғалы елорданың өзінде 19 көлік өртеніп кеткен. Мұны бізге төтеншеліктер айтты. Ал елде жыл сайын 2 мыңнан аса жағдай тіркеледі. Қатты аязда көлік қыздыратындар да қаптайды ғой. Интернетті ашып қалсаң, солардан көз сүрінеді. Бағасын білмекке біреуіне хабарласып көрдік.

Сергей, көлік қыздырушы:

– Бағасы жұмыстың күрделілігіне байланысты. Орта есеппен он мың теңге аламыз. Тапсырыс көбейген кезде бағасын өсіретіндер бар. Қазір тапсырыс көп емес. Ал аязды күні күніне 15 адам хабарласады.

Бұлар да әккі болып алған. Қазір ғой 10 мың теңге деп мізбақпай тұрғаны. Қатты суық келсінші, бірден қымбаттатады. Міне, осындайларға ұрынып қалмау үшін кейбір жүргізуші былай сақтанады.  

БЛИЦ:

– Көлігімді кешке жақын есік алдына қоямын да, аккумуляторды үйге кіргіземін. Таңертең сөйтіп оталдырып жүрдім.

– Түнде көлікті 1-2 рет оталдырып тұру керек. Сонда таңертең көлік оталады. 

Аккумуляторды киізге орап тастайтындар бар. Ол да жақсы. Ал ең дұрысы – ерте қамдану ғой. 

Александр Бойко, көлік жөндеуші:

– Аяз басталмай тұрып, көліктің аккумуляторын тексеріп алған дұрыс. Ақша болса, жаңасын алған жөн. Сосын майын ауыстыру керек. Көлік майы қоюланып кетсе, тез қатады. Қысқа өзіміз қалай қамдансақ, көлікті де тап солай дайындауымыз керек.

Әлгінде айттық, алдағы күндері арқаны аяз қысады. Қамсыз жүргендерге құлаққағыс болсын. Қамданыңыздар. Сықырлаған сары аяз әуре-сарсаңға салып жүрмесін.

Дастан Сейілханұлы, Жандос Битабаров