Ақтөбеліктер азық-түлік бағасының қымбаттап кеткеніне шағымданды

Тек өткен айда әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне жататын қант, жұмыртқа, қара-құмық жармасының құны бірнеше процентке өссе, күнбағыс майы бірден 12 пайызға шарықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың бағаға қатысты шағымы «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен кәсіпкерлік басқармасы өкілдеріне кезекті мониторинг жүргізуге түрткі болды.

Мониторингтік топ мүшелері алдымен коммуналдық базарды аралап көрді. Сатушылардың мұндай тексеруді күтпегені көрініп тұр. Олармен тілдесу кезінде күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік бағасының қымбаттау себебі де анықталды.

Базар әкімшілігінен сатылымдағы тауар бағасының қаншалықты тұрақты немесе өзгергені туралы нақты білетін ешкім болмады. Бірақ мамандардың айтуынша, әлеуметтік маңыз бар тауарлар тізіміне кіретін кейбір азық-түлік түрлерінің қымбаттағаны рас.

Асқарбек Қойлыбаев, базарларды басқару серіктестігінің өкілі:

– Жұмыртқаның бағасы шамалы өсті. Қарақұмық өскен жоқ. Бағаны күнде бақылауда ұстап отырмыз.

Топ мүшелері қаладағы ірі дүкендерді де аралап шықты. Белгілі болғандай, ұн, макарон өнімдері және көкөністер отандық өндірушілерден алынғандықтан, бағасы айтарлықтай өзгермеген. Дегенмен ақтөбеліктерді кейбір тауар түрлерінің қымбаттағаны қынжылтады.

БЛИЦ:

– Бәрі де қымбаттап тұр. Нақтырақ айтқанда, қант қымбат, ұн да қымбаттады. Бұрын біз 2 кг-дап алатынбыз. Бұрын 420 теңгеден алатын едік, қазір 500 теңге болып кетті. Жұмыртқа да қымбат. 30-50 теңге қосылып тұр бәріне.

– Қант жазғы айларда 170-160 теңге болды. Қазір 260 теңге. Айлық қосылады, кейін баға да қымбаттайды.

Тұрғындардың пікірін статистика басқармасындағы мамандар да растап отыр. Олардың мәлімдеуінше, тұтынатын негізгі тамақ түрлерінің бағасы тек соңғы бір айда ғана емес, өткен жыл бойы өсіп отырды. Яғни әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін 19 азық-түлік түрі шамамен он процентке қымбаттаған.

Шара Нұрпейісова, ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басқарма басшысы:

– Ақтөбе қаласы бойынша 19 атауды қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 10,2 пайызды құрады. Бағаның өсуі байқалды: қантқа 56,9 пайызға, қарақұмық жармасына 40 пайызға, күнбағыс майға 31,1 пайызға.

Кәсіпкерлік басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, желтоқсан айында жұмыртқа мен қант бағасының қымбаттау себебі белгілі. Бірі құс тұмауымен байланысты болса, енді бірі қажетті шикізаттың болмауынан туындаған. Сондықтан баға нарық жағдайымен реттеле бермек. Ал осындай мониторингтік бақылау жұмыстарын енді жиі өткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта шағын дүкендерде қамтылады.

Жанболат Тұртаев, «Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Негізігі бізде коммуналдық базар бойынша ұсыныс бар. Сатушылар қаңтар айында тауар өтпей тұруына байланысты, жалға алу қаржысын азайтуды сұрап отыр. Сол бойынша ұсыныс береміз және облыстық кәсіпкерлік басқармасына ұсыныс жазамыз. Қазір уақытта бағалардың бәрін тұрақты ұстап тұру үшін үнемі қадағалауда ұстау керек. График жасаймыз, айына 1-2 рет қаладағы базарларды аралап, міндетті түрде осы бағаларға қадағалау жасау қажет.

Жалпылай алғанда, азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін бірқатар шара қолға алынған. Әрі жауапты мекеме өкілдері қыс мезгіліне қажетті өнімдердің тұрақтандыру қорында мол екенін айтып отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев