Ақтауда аутизмге шалдыққан балаларды спортқа баулитын орталық ашылды

Маңғыстау облысында спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіби түрде жаттығатындар саны былтыр 60 адамға артып, 2019 жылмен салыстырғанда 10 процентке өскен. Биыл аймақтағы мүгедек балалар арасындағы дене шынықтырудың дамуына басымдық берілмек. Арнайы жасалған жоспардың аясында Ақтауда аутизм, даун синдромы және тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған орталық ашылды.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт орталығында 5 пен 16 жас аралығындағы балалар тегін жаттығады. Әсіресе, доп ойнаған тиімді. Бұл олардың қимылын, ептілігін, дәлдігін, төзімділігін және қозғалыстарын үйлестіруді дамытуға көмектеседі дейді мамандар. 

Айымгүл Елубаева, қала тұрғыны:

– Маңғыстау облысында тұңғыш осындай адаптивті орталықтың ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Баламызды алып келдік. Менің баламның аутизм деген диагнозы бар. Осындай спорттың балаларға көптеген көмегі тиеді. Бұл спортта тек ойнап қана қоймайды. Консентрация дегенге үйретеді. Сондықтан пайдасы көп.

Орталық «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында іске қосылды. Қоғамдық бірлестік пен облыстық спорт басқармасы арасында мүгедектерге қолдау көрсету туралы меморандумға қол қойылды. Жасалған келісім аясында балаларды жаттықтырып, өмірге бейімдейді. Басты мақсат – параолимпиадалық ойындарға қатысып, ел намысын қорғау.

Қанат Жұмабаев, облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы:

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың 700-ге жуық спортшы шұғылданады. Соның ішінде спорттың 18 түрімен біздің клубта шұғылданады. 2021 жылы 5 штат бірлігін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жүзу бассейнге жүзу спортын ашамыз.

Өңірдің мүгедектерді спортқа баулуға бағытталған кешенді жоспары бар. Биыл кәсіби спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарын екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев