ШҚО-да жолда адасып қалған екі адам табылды

13 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында 1982 және 1988 жылы туған екі ер адам адасып кеткен.

Олар Ново-Хайрузовка ауылынан Алыбай ауылына қарай жолға шығып, «ВАЗ 2114» маркалы автокөлігі қарға батып қалуына байланысты діттеген жерлеріне жете алмаған.

«27-ӨСБ және полиция қызметкерлері адасып қалған адамдарды іздестірді. Олар 21:30-да Ново-Хайрузовка және Алыбай ауылдары арасындағы тасжолдың 15 шақырымында далада табылды. Алғашқы көмек көрсету үшін ер адамдар орталық аудандық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің қарауынан кейін үйлеріне жіберілді», - делінген ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Ер адамдардың айтуынша, көлік салонында қатып қалмас үшін олар қағазды жағып отырған.