Түркістанда қабырғалары жарылып жатқан жаңа үй қашан жөнделеді?

Түркістан қаласында көп қабатты тұрғын үй қайта жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ғимараттың бір жақ бөлігінің іргетасы отырып, қабырғасы жарылған. Біздің арна тілшілері бұл мәселені бірнеше ай бұрын көтерген еді. Алайда әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Тұрғындар көп қабатты үйдің қабырғасындағы жарықтар үлкейіп келе жатқанын айтады.

Бұл үй осыдан 1 жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда көп ұзамай қабырғалары жарылып, сызықтар пайда болған. Жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Олар пәтер ішіндегі жарықтардың үлкейіп келе жатқанын айтады.

Жарықтар тек қабырғада ғана емес, үйдің жертөлесінде де бар. Іргетасы отырған соң тіреулердің арасы ашылып, қозғалып тұр.

Бұл мәселе, өткен жылдың соңына қарай көтерілді. Сол кезде қала әкімдігі жауапты мердігерге олқылықты тез арада жоюды тапсырған. Ал құрылысшылар желтоқсан айында көп қабатты үйдің іргетасының астынан бес жерден көлденең бетон қойып, табанын нығайтқан. Жарылған қабырғаларды гипспен бітеген. Алайда тұрғындар бұдан жағдайдың өзгермегенін айтады.

Сәуле Молжігітова, қала тұрғыны:

- Істеп бергенін қайтейін, артынан сөгіліп, жарылып жатса! Ол ертең қандай нәрсе болады. Қорқамыз бала-шағамыз үшін. Әр жерден жарылып жатыр. Төбеден, астынан. Міне, жарылған жерлер. Міне, қараңыздар, былай сызылып жатыр. Жарық қалай пайда болды, осылай болды.

Қала әкімі Рашид Аюповтың айтуынша, бұл үйді апатты деп айтуға болмайды. Сондықтан ол тұрғындарды алаңдамауға шақырды.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

- Негізінде ол жерде судың құбыры жарылған. 3 ай бойы ешкім қарамаған. Ол рас. Су іргетасқа әсер етіп, ол отырған. Ол да рас. Бүгіні бәрі орнына келтірілді. Енді жарылған жерлерін қалпына келтіріп жатырмыз. Ол үй апаты емес. Ол жерде тұруға болады, толық қауіпсіз.

Қазір осы үйді салған мердігер тағы екі үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Ал олардың сапасының қалай қандай болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ қала әкімінің айтуынша, көп қабатты бұл үйлер еліміз бойынша ең арзан баспаналардың бірі саналады. Өйткені әрбір шаршы метрі 122 мың теңгеден.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы