418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің орман алқабы 2030 жылға қарай 10%-ке ұлғаяды

  • 71
  • UPD: 20:56, 14.01.2021
Еліміздің орман алқабы 2030 жылға қарай 10%-ке ұлғаяды

Экология министрлігі осындай мақсат қойып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл межеге жету үшін Президент айтқан 2 млрд түп ағашты егу керек. Оның басым бөлігі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарына тиесілі. Бұл үш өңірде негізінен сексеуіл, қарағай, шырша және қайың өсіру қолға алынады. 

Алдағы 10 жылда еліміздің орман алқабы 5%-ке ұлғаюы тиіс. Қазіргі көрсеткіш 4,8 % шамасында. Ауқымды жоспарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- 5 жылдың ішінде біз бүкіл Қазақстан бойынша 2 млрд ағаш егетін боламыз. Біз дегенде әкімдіктермен бірге. 5 айда нақты жоспарларды бекіттік. Әр облыс бойынша қанша ағаш егетінімізге қатысты жоспарлар бар. Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасы бойынша 15 млн ағаш егіледі. Әр облыстың өз индикаторлары бар. Ең үлкен қор Қызылорда облысында отырғызылады.

Қызылорда, Түркістан және Жамбыл. Миллиардтаған түп ағаштың басым бөлігі осы үш өңірге егіледі. Әсіресе, Аралдағы экологиялық апат салдарымен күресуге баса көңіл бөлінген. Тартылған теңіз табанына көптеп сексеуіл шықса, құм мен тұздың көшуі тоқтаюы тиіс. Ал орталық облыстарға қарағай, шырша, қайың көшеттері егіледі.

Жұлдызай Айтжанова, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Алдағы 5 жыл ішінде өңіріміздің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 177 млн дана сексеуіл отырғызу, 213 мың гектар жеріне ормандандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 2021 жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 213 мың гектар жерді алып, оның топырақ зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Ал қалған 2022-2025 жылдары сексеуіл көшетін отырғызу жұмыстарын Орман шаруашылығының қызметкерлері атқаратын болады.

Жалпы Қызылорда облысы аумағының 3 миллион 100 мың гектар жерін орман алқабы алып жатыр. Өңір табиғатына бейім негізгі өсімдік сексеуіл болғандықтан тез өседі. Ал басқа ағаш түрлерінің жерсінуі қиын. Сондықтан 80 мың гектар аумаққа тұқымбақ салынады. Еліміздің орман алқабына қатысты мәселелер орман кодексі арқылы реттеледі. Ал басқа жасыл-желек түрлері арнайы заңмен қорғалмайды. Яғни, ағаш кесу, шабу деректері тіркелсе, нақты қандай әкімшілік шара көрілетіні белгісіз. Осы мақсатта жаңа өсімдік кодексі әзірленіп жатыр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Бізде осы орман қорын зерттейтін жалғыз құжат ол – Орман кодексі. Алайда, ол тек ормандарды реттейді. Бұл дегеніміз, біздің ел бойынша 4,7%. Қалған ел бойынша жасыл ағаштарды бүкіл өсімдіктерді бір реттейтін құжат жоқ. Құжат осы 1-2 айдың ішінде дайындап, Үкіметте талқылап, Мәжіліске енгізетін боламыз.

Қазақстанның орман алқабын ұлғайту жоспары 2030 жылы орындалады. Ендігі меже осындай. Әзірге Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы жағдай тәуір. Жайқалған жасыл-желегі бар. «Бұл тізімге басқа да өңірлерді біртіндеп қосу керек», - дейді құзырлы орган өкілдері.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы