Елордадағы жаңадан салынған жылы аялдамалар қашан ашылады?

Қыстың қақаған күні жылу іздегендер аялдаманың жабық есігін осылай тартумен болады.

Құлыптаулы тұрған жылы бекеттен еш қайыр жоғын түсінген соң автобустың тезірек келгенін тілейді. Мысалы мынау Пригородный ауданында тақауда орнатылған аялдама.

Блиц 1:

- Желтоқсан айында қойылды, білем.

Тілші:

- Содан бері істемей тұр ма? Бір рет те істегенін көрдіңіз бе?

- Жоқ. Ашылғанын көрген емеспін.

- Ұзақ тұрасыз ба, автобус күтіп?

– Жоқ, автобус жақсы жүреді, 10, 12, 51 жақсы жүреді. Ұзақ тұрмаймын.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Ия, автобустар жиі жүретіні Пригородный тұрғындарының жолы болды. Кей тұрғындар аялдама қаңқасының тұрғызылғанына мәз.

Іске қосар деген үміт бар, әрине. Тек есігіндегі «жұмысты тоқтатыңыз» деген жазу көңілге күдік ұялатты. Жөндеу жұмыстары аяқ асты неліктен доғарылғаны белгісіз, бірақ жұмыстың дені аяқсыз қалғаны көрініп тұр. «Қайткен күнде де жуырда қойылған аялдама ғой, аяқсыз қалмас», деп біз әрі тарттық. Сөйттік те, Сарыарқа көшесіндегі жылы аялдаманы аңдап қайтуды ұйғардық.

Дәл осы аялдаманы қыркүйек айының соңында келіп түсірген едік. Ол кезде жабық тұрған аялдама қыс түссе де әлі де жабық екен.

Тұрғындар шағым түсірген тағы бір аялдама Абылай хан даңғылының бойында орналасқан. Есігі айқара ашық. Тек жылы деген атына заты сай келмейді.

Жылы аялдама жұмысының түйткіліне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне жүгіндік. Әкімдік қалада жаңадан орнатылған 12 аялдамаға жауап беретінін жеткізді. Тек оларды іске қосу ақпан айының соңына дейін созылмақ. 

Десе де, маман оларды не себепті қазір қосуға болмайтынын түсіндіре алмады. Тек әкімдіктің өзге қызметкері аялдамаға жақын электр энергиясының көзін табу, тұрғындармен келіссөз жүргізу мен тоқ қуатын өткізуге біраз уақыт кеткенін жеткізді. Ал, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің жылы аялдамаға қатысты айтқаны мынау:

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Жаңа аялдамаларды орнатып жатырмыз, қайсысы әзір болса, соны іске қосамыз. Инспекторларымыз жылы аялдамаларды үнемі тексеріп жүреді. Өйткені оларды үнемі бақылауда ұстау керек.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, осы қыста тағы 30 аялдаманы салу жоспарда бар. Оның бір бөлігіне инвестиция тартылса, қалғандарына бюджет есебінен қаржы бөлінбек. Бірақ әр аялдаманың күтімі мен жұмысын кім және қалай жүргізетіні әлі белгісіз.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Базаров, Жандос Сұлтанғазы