Елімізде отандық туризмді дамыту ісіне басымдық беріле бастады

Қазір тау-тасты аралап, табиғат аясында демалуды қалайтындар көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінде алғашқы визит-орталық салынды. Саяхатшыларға арналған демалыс аймағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экотуризмді орнықты дамыту идеясымен астасып жатыр.

Алмас Сәдуақас, тілші:

- «Аюсай» шатқалы – алматылықтардың сүйікті демалыс орны. Жыл сайын табиғаты тамсандырар көрікті мекенге мыңдаған демалушы келеді.

Жылдың қай мезгілі болмасын Аюсай шатқалының тамаша табиғатына көз тоймайды. Жыл басынан бері мұнда ашылған мына визит-орталыққа 400-ге жуық демалушы келген. Ғимарат модулі ағаш пен әйнектен құрастырылды. Талап сондай. Мұнда Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінде өсетін өсімдіктер, мекендейтін аң-құс туралы толық ақпарат алуға болады. Сонымен бірге орталықта жалпы табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру тақырыбында оқу-дәрістері де өткізіледі.

Визит-орталық АҚШ-тың тәжірибесіне сүйеніп ашылды. Мұнда қажетті инфрақұрылымның барлығы халықаралық экологиялық талапқа сай жасалған. Ғаламторды тегін пайдаланып, табиғи парктің тарихымен, флора, фаунасымен кеңірек танысуға болады.

Жалпы пандемияға дейін, яғни 2019 жылы Іле Алатауы табиғи паркіне 300 мыңға жуық адам келген. Алайда, табиғатты аялау, қоршаған ортаны ластамау мәдениеті әлі де болса төмен. Сондықтан осындай орталықты ашудағы мақсат біреу – ол демалушыларды  табиғатты қастерлей білуге шақыру.

Мұрат Әбенов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Бұл бастамасы ғой. Үлгі осы. Принципі қандай? Жерге бетон құйылмайды, свая қағылмайды, барлығы уақытша ғимараттар. Қазір мынау короновирусқа қатысты байқасаңыздар, шетелге баратындар азайды. Көбінесе осында. Міне, табиғатқа зиян келтірмес үшін осындай шаралар жасалды. Енді алдағы уақытта концепциясы дұрысталады. Бірақ бұдан да дұрысталады ғой деп ойлаймын.

Экотуризмді дамыту жобасы аясында төрт жылда паркте 155 шақырым соқпақ жөнделіп, 17 жаяу және велосипед жолдары ашылмақ. Бұдан бөлек, 2 демалыс аймағы мен этноауыл жасалады. Алдағы уақытта Іле-Алатауында экотуризмді дамыту мақсатында тағы төрт шатқалда 6 визит-орталық салынбақ. Осы жылы үшеуін Үлкен Алматы көлі маңында, Мұзтау және Түрген шатқалында тұрғызу жоспарланып отыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбай